Соңғы уақытта алаяқтықтың айласы адам өмірін жалмайтын деңгейге жетті. Әсіресе, кибералаяқтарға алданып жатқандар қарасы өте көп. Тығырыққа тіреліп, мұндай жағдайда не істерін білмей дал болғандар арасында өз-өзіне қол жұмсаушылар да табылады. Қаржыгер-маман Расул Рысмамбетов оның себебі неде екенін әрі бұл "жаумен" қалай күресуге болатынын айтып, желіде жазба жариялапты. Dalanews.kz маман жазбасын аударып, сол күйінде оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отыр.
"Қазір кибералаяқтық өршіп тұр. Жұмыста деймін, көрші кабинетте отыратын жас жігітте не өң жоқ, не түс жоқ, бірнеше күн болды осылай алабұртып жүргеніне. Бұған не болып қалды дестік? Сөйтсек алданыпты. Алаяқтар қоңырау шалған, онлайн арқылы Kaspi-ден несие алдыртқан, ал ақшаны Freedom bank-ке аудару арқылы қолды қылған. Жұмыстағы достарымның арасында да бір қыз алаяқтарға жем болып, өз-өзіне қол сала жаздапты. Алаяқтар пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары МҚҰ-лардың бірінен оны несие алуға көндіріпті. Енді бірнеше жыл бойы ол "ауаға" жұмыс істеуі керек. Қазір елімізде онлайн алаяқтардың құрбаны болғандардың ішінде осылай өзіне қол салғысы келіп жүргендер қаншама? Неге дейсіз бе? Өйткені банктердің өз сөзіне құлақ асатынына сенбейді, құзырлы органдар да әрекет етуге еш асықпайды. Ақшаны қайтарудың жолын таппаған адамға суицидтен басқа амал жоқ секілді көрінеді.
Негізінен, алаяқтықпен күрестің нақты шешімі – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған кез келген несиені рәсімдеуге 24 сағаттық "cooling-off" кезеңін енгізу. Яғни, кредит алуға берілген өтінішті бір тәулікке тоқтатып қою. Онлайн болсын, оффлайн болсын – бәрібір. Ал бір күн ішінде кез келген адам алаяқтардың психологиялық қақпанынан сытылып, есін жиып үлгереді.
Әрине, банктер мен микронесие ұйымдарына өтінімді тез рәсімдеп, эмоцияға беріліп тұрған кезде кез келген адамға ақшасын сатқан тиімді болары сөзсіз. Телефон, үтік, тоңазытқыш түрінде болсын. Алайда, қараңызшы, бір адамның өмірін сақтап қала алсақ, адами тұрғыда сол маңыздырақ емес пе? Сондықтан 24 сағаттық үзіліс аса қажет. Өйткені мұндай асығыстық талайдың түбіне жетіп жатқанының куәсі болып отырмыз. Ақша емес, адам құндырақ екені естен шықпағаны игі.
Шындығында, Қазақстанда бірнеше сағат ішінде шұғыл берілетін несиеге деген қажеттіліктен гөрі, тегін жедел медициналық көмекке зәрулік жоғары. Ал алаяқтарға да ең тиімдісі осы жылдамдық, адамды асықтырып, ойланып жатуға мүмкіндік бермеу. Демек, "cooling-off" кезеңін енгізу - қылмыскерлердің қолындағы "қаруды" істен шығару. Әрине, бұл шара алаяқтарды түп-тамырымен жояды деп айта алмаймын, бірақ бұл да жоқтан бар, яғни адамды асығыс қабылданатын шешімнен құтқарудағы".
Айта кетсек, күні кеше ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер үшін де, микроқаржы ұйымдары үшін де ережелерді қатаңдатуды ұсынды. Соның ішінде несие алуда ойлануға уақыт беру қарастырылған. Мәселен, кепілсіз ірі онлайн-несие рәсімделген жағдайда, ақша бірден шотқа келіп түспейді. Тек бір күннен кейін және мысалы, eGov арқылы өз шешіміңізді растаған соң несие ақша беріледі. Бұл импульсивті шешімдерді болдырмауға көмектеседі. Жоба қоғамдық талқы үшін "Ашық НҚА" порталына 2025 жылғы 18 шілдеге дейін орналастырылды.