Форум барысында мамандар білім беру саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда пандемиядан кейінгі білім беру, пандемия кезіндегі оқушылардың психикасындағы өзгерістер, онлайн-білім берудегі мемлекеттік тапсырыстың бөлінуі, үштілділік, білім беру саласындағы реформалардың тиімділігі, оқушылар арасындағы білім алу теңсіздіктері, Еdtex саласындағы инновациялар мен жалпыхалықтық сауатсыздық қаупі жайындағы тақырыптар бойынша мамандар өз ойларын ортаға салды.
«Пандемиядан кейінгі білім беру» тақырыбы төңірегінде талқыланған мәселелер білім саласындағы көкейкесті көптеген проблемаларды қамтыды. Сол мәселенің бірі – оқушылардың білім алу теңсіздігі. Бұл жайында Joo.kz жобасының негізін қалаушы Қанат Өксікбаев, жалпы білімді теңдестіру бойынша Еdtex саласының мүмкіндіктерін пайдалану керектігін айтты.
«Қала мен ауыл-аймақта білім тең емес екені бәрімізге белгілі. Алайда интернет желісі мен білім беру платформалары бұл тығырықтан шығуға альтернативті мүмкіндік беріп отыр. Сол себепті сапалы білімді бірдей деңгейде беруді жетілдіру үшін білім беру платформаларын қолдану керек. Дегенмен Еdtex-ті пайдалану жалпыға бірдей пайдалы деп айту да қиын. Өйткені онлайн білім алу өз бетінше жұмыс істейтін балаларға ғана ұтымды болса, жетекшілікпен жұмыс істеуді қажет ететін басқа оқушыларға қиындық тудыртып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан білім берудегі теңсіздікті тек платформалар арқылы толықтай теңдестіру мүмкін емес. Бірақ альтернативті шешу жолы ретінде қарастыруға болады» - деп толықтай қашықтықтан білім беруге көшу дұрыс жол еместігіне назар аударды.
Ауыл-аймақ балаларына қазақ тілді білім ресурстарын ұсынып жүрген Daryn.online платформасының директоры Асқар Мақсаттың пікірінше, пандемиялық ахуал елдегі білім саласына қатысты өзге де көптеген мәселелер өз шешімін таппағанын баса айтты.
«Дарын онлайн платформасының бірден бір мақсаты – сапалы білімді ауыл-аймақа жеткізу болатын. Алайда пандемия бізге Қазақстандағы интернеттің қолжетімділігі тек 40 пайызға ғана жұмыс істейтінін көрсетті. Салдарынан шалғайдағы оқушыларға қазақ тілді сапалы контентті жеткізу қиын болды», -деді.
Ал форумның екінші секциясында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, ғылым-білім саласына мемлекет тарапынан бөлінген қаржының мақсатты түрде жұмсалып жатқанына күмән келтірді.
«Білім саласының мәселелері әрқашан өзекті. Мемлекет тарапынан білім саласына триллиондап қаржы бөлінсе де, нәтиже жоқ. Мәселен, ағылшын тілін жаппай меңгерту бойынша жоба жасалды. Жоба аясында қаржы игеріліп, жұмыстар атқарылғаны көрсетілген. Ал іс жүзінде ағылшын деңгейі көтерілген оқушыларды көрмедік. Бұл өте күрделі мәселе. Егер атқарылған істе олқылық пен қателіктер болса, ол жайында қоғам үнсіз қалмауы тиіс. Мұндай жүйені өзгерту керекпіз, өзіміз де өзгеруіміз керек. Сондай-ақ жекеменшік білім беру орталықтары мемлекет мемлекет назарынан тыс қалмауы тиіс деп санаймын. Өйткені жекеменшік сектор жалпы білім деңгейінің жоғарылауына коэффициенттік тұрғыдан ықпал етеді»,- деп жекеменшік білім беру орталықтарына да назар аудару қажеттігін мәлімдеді.
Сонымен қатар VIII Халықаралық математика, физика және информатика мұғалімдерінің форумы аясында педагогтарға арналған конкурс ұйымдастырылды. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген қазақстандық және алыс-жақын шет елдерден, атап айтар болсақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Армения елдерінен қатысушылар бақ сынасты. Нәтижесінде ең үздік мұғалімдер анықталып, жеңімпаздар Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің дипломмен марапатталды.
Ұлжан Қойшыманова