Қазақстанда құрылыс көлемі 15,1% өсіп, 7,2 трлн теңгеден асты

Ақтоты Жапатова 18 қар. 2025 19:17

Қазақстанда 2025 жылғы қаңтар–қазан айларында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1%-ға өсіп, 7 263,2 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомствоның дерегінше, құрылыс өсіміне ғимараттар мен имараттар салу қарқынының артуы әсер еткен. Имараттар құрылысы 19,2%-ға, тұрғын емес ғимараттар 10,2%-ға, ал тұрғын үйлерді салу 7,6%-ға ұлғайған.

Құрылыс жұмыстарының құрылымында ең үлкен үлес автомобиль, теміржол және метро нысандарына тиесілі — 24,9%. Одан кейін тұрғын емес ғимараттар құрылысы (21,6%) және тұрғын үйлер (12,6%) орналасқан.

Республика бойынша жұмыстардың 92,9%-ын жеке құрылыс ұйымдары орындаған. Шетелдік компаниялардың үлесі – 6,6%, мемлекеттік ұйымдар – 0,5%.

Елдің 18 өңірінде құрылыс көлемі артқан. Ең жоғарғы өсім Астана (39,4%) мен Алматы қалаларында (35,4%) тіркелді. Солтүстік Қазақстан (30,1%), Түркістан (28,6%), Қостанай (27,5%), Павлодар (22,6%), Ақмола (21,7%) және Алматы облыстарында да айтарлықтай ұлғаю байқалды.

2025 жылдың алғашқы он айында пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы ауданы 19,7 млн шаршы метрді құрады. Тұрғын үйлер көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5% өсіп, 14,6 млн шаршы метрге жетті. Оның 9,3 млн шаршы метрі – көп пәтерлі үйлер, 5,2 млн шаршы метрі – жеке тұрғын үйлер.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің 92%-ын жеке құрылыс салушылар қамтамасыз етті. Сонымен қатар халық өз күшімен 5,5 млн шаршы метр баспана салған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар