Семейде тұрғын үй кешенінің құрылысында қолынан айырылған 20 жастағы студентке қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Еңбек инспекциясы оқиғаға толықтай жұмыс беруші кінәлі деген қорытынды шығарды.
Қайғылы жағдай 11 сәуір күні жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысында болған. Тергеу мәліметінше, жұмыс беруші студентті еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқамадан өткізбей жұмысқа жіберген және онымен ресми еңбек келісімшартын жасамаған.
Студент бетон араластырғыш құрылғыны тазаламақ болған кезде оның қолын аппарат тартып кетіп, шынтақтан жоғары жұлып алған.
Жас жігіт ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, оған шұғыл ота жасалған.
Абай облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің мәліметінше, жеке кәсіпкерге бірден алты әкімшілік хаттама толтырылған.
«Жұмыс беруші еңбек шартын жасамағаны, еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқама өткізбегені, сондай-ақ жазатайым жағдайдан сақтандыру келісімін рәсімдемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады департамент.
Жұмыс берушіге жалпы көлемі 160 АЕК немесе шамамен 692 мың теңге айыппұл салынған.
Сонымен қатар зардап шеккен студентке денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс берушіден сот арқылы өтемақы өндіру ұсынылған.