Қазақстан 2027 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі бойынша Ресейден озады

Қазақстан 2027 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі бойынша Ресейден озады
ЖИ: Dalanews.kz

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) жаңартылған болжамына сәйкес, 2031 жылы Қазақстандағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 23,17 мың долларға жетеді. Бұл көрсеткіш Балтық елдерін есептемегенде, посткеңестік кеңістіктегі ең жоғары деңгей болмақ, деп хабарлайды dalanews.kz.

ХВҚ дерегінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың доллардан асты. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 17,5 мың долларға, 2027 жылы – 18,55 мың долларға жетеді деп күтіледі.

Сондай-ақ:
– 2028 жылы – 19,54 мың доллар,
– 2029 жылы – 20,69 мың доллар,
– 2030 жылы – 21,87 мың доллар болады деген болжам бар.

Қор болжамына сәйкес, 2027 жылы Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі бойынша Ресейден озады. Ресейде бұл көрсеткіш 17,71 мың доллар деңгейінде болады деп күтіліп отыр.

Жалпы алғанда, алдағы бес жылда Қазақстандағы жан басына шаққандағы ЖІӨ 32,4%-ға өседі деген болжам жасалған.

Посткеңестік елдер арасындағы ең жоғары өсім Молдовада тіркелуі мүмкін. Онда 2026 жылғы 9,35 мың долларлық көрсеткіш 2031 жылы 15,33 мың долларға дейін өсіп, 63,9%-дық өсім көрсетеді.

Ал ең төменгі көрсеткіш Тәжікстанда болады деп болжанып отыр. 2031 жылы бұл елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ небәрі 2,43 мың долларды құрауы мүмкін.

2031 жылға дейінгі болжам бойынша өзге елдердегі өсім:
– Грузия – 58,6%,
– Өзбекстан – 51,5%,
– Армения – 39,3%,
– Түрікменстан – 31,38%,
– Әзербайжан – 28,1%,
– Украина – 25,5%,
– Қырғызстан – 24,1%.

Ал Ресейде жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші бес жыл ішінде 0,27%-ға төмендейді деген болжам жасалған.