Жасанды интеллект Қазақстанның орта білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының біріне айналады

Жасанды интеллект Қазақстанның орта білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының біріне айналады
Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжаттың негізгі мақсаты — жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде елдің өркендеуін қамтамасыз ететін, адами капиталды дамытуға ықпал ететін заманауи әрі инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыру.

Жарлыққа сәйкес Үкімет 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітуі тиіс.

Құжатта дербес оқыту тетіктерін дамыту, цифрлық инфрақұрылымды күшейту, педагог кадрларды даярлау және оқушылардың жеке мәліметтерін қорғау мәселелері қамтылады.

Сонымен қатар Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фудің ұсынымдарын пайдалану көзделген.

Үкіметке 2026 жылдың 1 маусымына дейін қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқартуға бағытталған пилоттық жобаны іске қосу және оны кейін кеңейту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Ал 2026 жылдың 1 тамызына дейін пилоттық жоба аясында мектептер техникалық жағынан толық жабдықталуы керек. Оның ішінде тұрақты әрі жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету міндеті қойылған.

2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттары бекітіледі.

Сондай-ақ осы мерзімге дейін педагогтердің қызметін алмастырмай, жасанды интеллектіні қосымша тиімді құрал ретінде пайдалану тетіктерін қамтитын арнайы жоспар қабылданады.

Ақорда мәліметінше, жарлық мәтіні ресми басылымдарда жарияланады.