RAMS Global қожайыны, Түркияның белді кәсіпкері Рамазан Бұлбұлдың үш ұлы Қазақстандағы RAMS компаниясын бірлесе басқарып келген болатын. Соңғы сөз өзінде болуы тиіс үлкен ұл - Доған Бұлбұл соңғы уақытта компанияның операциялық жұмыстарын бауыры Фарукке сеніп тапсырған.
«Фарук шыны керек, RAMS жұмысын дұрыс жүргізе алмаған сияқты. Бірнеше жобаларынан шикілік шыққандай. Түркиядан инвесторлар пулын тартайын деп отырған, өздері үміт артқан Алматыдағы RAMS Beyond жобасы тығырыққа тірелді. Бұлбұлдар жобаға қарсы шыққан Мәжіліс депутаттарымен келісе алмады, жұртшылықпен мүлде жұмыс істемеді. Президенттің жөнсіз құрылыс бойынша ескертуін ұмытпаған Алматы әкімі Дархан Сатыбалды RAMS-тан етегін аулақ салды», - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.
Бұл жағдай Доған Бұлбұлдың ашуын туғызды деген ақпарат бар. Ол Фаруктің қолынан барлық басқарушы функцияны алып алып, RAMS деген атауды түгел өшіріп, мүлде жаңа компания жасауға кіріскен. Бұл отбасылық кикілжің жақсы қаралым жинап жүрген түрік сериалдарының сюжетіне қатты ұқсайды. Дереккөз сөзінше, соңғы екі аптада компанияда үлкен қысқартулар жүрген. Енді компанияға қазақи болмыстағы атау қою жоспарланып отыр. RAMS деген атау Қазақстанда мүлде болмайды. Үлкен ұл "Turan" деген атауға жақын. Бірақ басқа да нұсқаларды жоққа шығармайды.
Дереккөз сөзінше Фарук әдемі өмір сүруді аңсап, өзін олигарх бизнесмен рөлінде көріп, ақшаны оңды-соңды шаша бастаған. Онысы RAMS үшін қиындықтар туғызды. Рационалды және шаруақор Доған енді осы олқылықтарды өз қолымен реттеп, компания қаржысы мен ішкі жұмысын ретке келтірмек.
Ал кеше Алматы прокуратурасы RAMS компаниясы тұрғызып жатқан тұрғын үй кешендеріне қатысты үлескерлердің алданып қалмауы үшін барлық алдын-алу шараларын бастап кетті. Қаржылық мониторинг агенттігі де RAMS транзакцияларын бақылап отыр. Басты мақсат – капиталдың шетелге шығып кетпеуін қамтамасыз ету. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі де тиісті нұсқаулар алған.
RAMS проблемалары 2020 жылы NEF UPTOWN тұрғын үй кешенінен басталды. 2021 жылы жоба бойынша серіктестер - NEF Қазақстан мен RAMS арасында кикілжің орын алғаны жасырын емес. Артынан NEF жобаларын жалғастыру үшін Астана қаржы орталығының биржасынан облигациялар орналастырып, инвесторлар қаржысын тарта бастады да, ол міндеттемелерін орындай алмай, дефолтқа ұшырады. Ал человейник атанған RAMS City тұрғын үй кешені мен жұмысы тұралаған, зәулім қонақүй кешені болуы тиіс Beyond жобасы шыны керек компанияның халық алдындағы беделін мүлде түсіріп жіберді. Жедел ребрендингтің бір сыры да осында жатыр.
