Жеті өзені тоғысқан өлкенің мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген саф өнердің сақалары, Алматы облысының Жамбыл облысындағы мәдениет күндері аясында «Жерұйық мекен – Жетісу» атты концертті көптің назарына ұсынды.
Мәдени шарада Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздарымен қатар Өмірқұл Айниязов, ҚР еңбек сіңірген әртістері - Ұлжан Айнақұлова, Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтер өнер көрсетті.
Жетісулықтардың жамбылдықтарға тартуы Жанат Байдаралиннің «Ғасырлар үні» қойылымымен шымылдығын түріп, «Ақындарға арнау», «Көк шолақ», «Дүлдүлім», «Сары жазық», «Сарыбайға», «Ақ қайық», «Жетісу» сынды дәстүрлі ән шерумен жалғасын тапты.
Мерекелік кеш соңы «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблінің орындауындағы «Жастар салтанаты» қойылыммен қорытындыланып, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Ықылас гүлі» жетісулықтарға табыс етілді.
Мәдениет күндері бір ғана кешпен аяқталмады, шараның шеңберінде «Баласағұн» орталық концерт залында «Ұлы жыраудың асыл мұрасы» атты және Жамбыл облысындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Жер жәннаты Жетісу-жерұйығым» деген атауды арқау еткен жылжымалы көрме кереге жайды.
«Ұлы жыраудың асыл мұрасы» көрмесі Жамбыл Жабаевтың әдеби – мемориалды музейінің қорындағы 100-ге жуық экспонаттар негізінде безендірілді.
Көрме экспозициясында жыр алыбының өзі ұстаған домбырасы, Мәскеу қаласына сапары кезінде киген шапандары, телефон аппараты, сонымен қатар елімізге белгілі суретшілердің туындылары және тағы да басқа құнды ғасыр ақынының өмірі мен шығармашылығынан мол мәлімет беретін мұражай экспонаттары қаздай тізіліп, көшпелі көрмеден орын тапты.
Ал, «Жер жәннаты Жетісу-жерұйығым» атты көрмесі жетісулық ақын-жазушылардың тың туындыларын Жамбыл облысындағы оқырман қауымға насихаттап, жаңаша ақпараттармен бөлісу мақсатында жүзеге асты.
Әулиеаталықтарға ақын, драматург, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай Алматы облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген 20 томдық шығармалар жинағы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Жамбыл Жабаев» кітабының 30 томдығы, сондый-ақ, Сәуле Досжанның «Біртуар» (2021), Бейсен Құранбектің «Парасат биігі» (2021) кітабы қала тұрғындары мен қонақтарына таныстырылды.
Айта кетейік, қос көрме 7-желтоқсан күні А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының фоэсінде келушілер назарына ұсынылады.