Жусан исі: Назарбаев әулетінің Британиядағы бизнес-империясы анықталды

Dalanews 20 ақп. 2022 19:37 904

Журналистік зерттеу бюросының өкілдерімен тізе қосқан ағылшынның The Daily Telegraph басылымы Назарбаев династиясының Британ аралында жасырған кезекті байлығын тапты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Отыз жыл ел билеген экс-президент Назарбаев Лондонда тіркелген Jusan Technologies компаниясының көмегімен құны 8 млрд долларға жуықтайтын активтерін «екі шоқып, бір қарап» отырған.

Халықаралық журналистік зерттеу бюросымен бірлесіп, көлемді баяндама әзірлеген The Daily Telegraph әулеттің өкілдері бұлтара алмастай дәйек ұсыныпты.

Батыс басылымдарының басым көпшілігі Назарбаевтың атын арқалаған қорлардың «сыртқы сипаты алдамшы» деп пайымдайды.

Сырт көзге ағартушылық, патриоттық, әлеуметтік бағыттағы жобалармен қызу айналысқан боп көрінетін әлгіндей құрылымдар шынтуайтында әулеттің «қалтасы» ғана.


Журналистік зерттеу бюросының мәлім еткеніндей, соның ішіндегі – "Назарбаев қоры" тікелей Jusan Technologies холдингінің жұмысын қадағалайды.

Ал холдингтің өзі үлкен экожүйе іспетті. Батыс журналистерінің айтуынша, мұнда әулеттен бөлек, заманында Назарбаевтың айтқанын екі етпеген элита өкілдерінің де үлесі бар.



«2021 жылдың қазан айындағы дерекке сәйкес Jusan Technologies компаниясына қарасты активтердің құны 7,8 млрд доллардан асып жығылды. Бұның ішінде американың қазынашылық облигациялары, Қазақстан мен Қырғызстанның мемоблигациялары және қажет болған жағдайда кәдеге асыратын 3 млрд долларға жуық қолма-қол ақша бар», – дейді The Daily Telegraph.

Jusan Technologies холдингінің құрамына қандай құрылымдар кіреді?


Журналистік зерттеу бюросының ақпаратына қарағанда холдингке қарасты активтер шартарапта шашырап жатыр. Бұлардың арасында банктер, телекоммуникациялық компаниялар, бөлшек саудамен айналысатын кәсіпорындардың үлесі көп (бәлкім Болат Назарбаевқа тиесілі атышулы "Алтын Орданы" айтып отырған болар деп болжадық, ред). Бұлар негізінен Қазақстанда орналасқан. Әулеттің өкілдері артылған ақшаны Люксембург, Дубай, АҚШ және Ұлыбританияға тасыған. 2020 жылы Jusan Technologies-тің таза табысы 550 млн долларды құрапты. Холдингке тиесілі активтердің құны 1,6 млрд долларға бағаланған.

«Холдингке қарасты құрылымдардың ішінде әулет үшін Жусан банктің орны бөлек. Қазақстандағы ірі деген қаржы ұйымдарының қатарына кіретін банкті әулеттің өкілдері ерекше аялайды, бағалы, ұзаққа шабатын бизнес деп есептейді.


Банк төрағасының орынбасары боп отырған Ербол Орынбаев әулетке бөтен емес. 2015 жылға дейін Назарбаевтың оң қолы болды, вице-премьерлікте отырды. Орынбаев Jusan Technologies-ке жетекшілік етті, оның холдингтегі үлесі 4,6 пайыздың үстінде», – дейді британ басылымы.

...

Журналистік бюроның қолындағы құжатта Ахметжан Есімовтың күйеубаласы Ғалымжан Есеновтың аты аталады.

Есенов Jýsan Bank-тің ірі акционері екені белгілі.

Бюро мәліметі бойынша күйеубаланың банктегі үлесі 20 пайызды құрайды. Jusan Technologies-тың жан-жаққа тарамдалып кеткен сонша оның құрамында Назарбаевпен туыстық байланысы болмаса да, басқа жолмен сеніміне кірген қалталылар қаптап жүр. Мәселен, холдингте Біріккен Араб әмірліктерінің негізін қалаған Заид ибн Сұлтанның ұлы Тахнун шейхтің де үлесі бар.



Бюро журналистері мұнымен шектеліп қалмай, Назарбаев қорының Лондондағы мүддесін қорғайтын Boies Schiller Flexner заңгерлік компаниясына хабарласқан.

Олардың мәлім еткеніндей былтырғы жылдың соңында Jusan Technologies-тың меншік иесі ауысып, компания Америкада тіркелген Jysan Holdings LCC коммерциялық емес ұйымының қарамағына өткен.

Түсінгеніміз, бұдан компанияның түп иесі өзгермеген.

«Jysan Holdings LCC NU Generation Foundation коммерциялық емес ұйымына бағынады. Бұл мекемеге Назарбаев қорының төрағасы Асылан Сәрінжіпов басшылық етеді. Сәрінжіпов кім? Ол 2013-2016 жылдары Қазақстанның білім саласын басқарды.


Былайша айтқанда, әулетпен байланысты бизнес бір елден, бір елге қоныс ауыстырды. Назарбаевқа тиесілі бизнес-империя бұдан былай АҚШ-тан басқарылатын болады», –  дейді The Daily Telegraph.

Автократ басшылар Ұлыбританияға неге құмар?


Батыс журналистерінің пайымдағанындай, Назарбаев секілді автократ басшылардың капиталын Ұлыбританияға тасуы тегін емес.

«Британия Еуразия құрлығындағы қалталы клептократтардың қолын қақпайды. Олардың байлығы мен жеке меншігінің қорғаларына кепілдік береді», – дейді Орта Азияны зерттеуге маманданған сарапшы Александр Кули.

Оның айтуынша ескі Қазақстанның элитасы елде дүмпу болып, күндердің-күні Ұлыбританияға бас сауғаларын сезген. Ал британ билігі өз кезегінде олардың капиталын арашалап, құқықтық тұрғыда қол ұшын созып отыр.

Журналистік зерттеу бюросының ақпаратына қарағанда Қазақстандағы Қаңтар дүрбелеңінен кейін Ұлыбританияның өз ішінде «парақорларды неге паналатуымыз керек?» деген пікірталас күшейген. Ағылшын тілді аудитория британ билігінің олигархтарды, диктаторларды, қалталы ұры-қарыларды қуана қабылдап, құшақ жая қарсы алатынына наразы.

«Олар өзімен бірге алтын-күмісін арқалай келеді. Осы арадан британ адвокатының мұртын майлап, байлығынан айырылмаудың амалын іздестіреді. Ағылшындардың басым көпшілігі мұндай әрекетке наразы.

Түнеукүні Лейбористер партиясының белсендісі Маргарет Ходж Назарбаевтың «ақша сауу» алгоритмін ашып айтты.


Қазақстанның экс-президенті Jusan Technologies-ке  қарасты активтерін түрлі қайырымдылық қорлардың көмегімен астыртын, құпиялы түрде басқарып отырған. Оның айтуынша Ұлыбританияда шалқып өмір сүретін қазақ элитасының дерлігі Назарбаевтың тұсында қисапсыз байлыққа ие болған.

Британ билігі мұның бәріне көз жұма қарайды. Отыз жыл бойы ел басқарған Назарбаев әулетінің ағылшын жерінде үріп-ішіп, шайқап төгіп жүргені халықтың шамына тиетінін ескермейді», – дейді The Daily Telegraph.

Маргарет Ходждың пікірінше британ парламенті мұндай заңбұзудың жолын кесуге құлықты емес. Десе де, елдің талап-тілегін ескеруге мәжбүр.

Telegraph тілшісінің ақпаратына қарағанда алдағы айларда британ билігі экономикаға инвестиция бағыттағаны үшін азаматтық беретін жүйенің күшін жоймақ.

Батыс басылымдары мұндай жүйенің Ресей, Орта Азия, соның ішінде Қазақстаннан келетін қалталы адамдарға қолайлы болғанын айтады, алайда олардың капиталы еңбекпен келгеніне күмәнмен қарайды.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар