Қазақстандағы ең өзекті тақырыптардың бірі – қоғамдық қауіпсіздік мәселелері. Бас прокуратураның ресми статистикасына сәйкес, 2025 жылдың алғашқы алты айында 64 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Алайда, соңғы кездерде оң өзгерістер байқала бастады.
Атаулы Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, биылғы жылдың бірінші жартысында бұзақылық деректері шамамен төрттен бірге, ұрлық – 27,6%-ға, ал тонау деректері үштен бірге азайған.
Бұған, ең алдымен, «Ақылды қала» концепциясын іске асыру аясында орнатылған бейнебақылау жүйелерінің үлесі зор.
Бұл тұрғыда Алматы өзіндік бір сынақ алаңы іспетті: орнатылған камералар төбелестерді «көріп», қаруды анықтай алады, күдік тудыратын заттарды байқайды және тіпті өрттің белгілерін де қадағалайды. Сигнал жедел басқару орталығына бірден жетеді, патруль оқиға орнына санаулы минуттар ішінде шығады.
Жетісу облысында да осындай тәжірибе дамып келеді. Мысалы, бұл өңірде орнатылған камералар 11 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтауға көмектесті. Олардың қатарында шабуыл жасау және ұсақ бұзақылық деректері де бар. Полиция ашық ескертеді: «Камера әр метрді бақылауда ұстайды».
Біз биылғы жылдың ерекше есте қалған он жағдайын іріктедік. Олардың барлығы да камераға түсіп, «электронды көздің» тек статистика үшін ғана емес, нақты қауіпсіздік үшін де жұмыс істейтінін айқын дәлелдеді.
1. Қала көшелерін жарыс алаңымен шатастырған «желаяқтар»
Алматыда бір топ жүргізуші қалалық көшелерді өздерінің жеке автодромы деп ойлаған. Қауіпті маневрлер, жол белгілерін елемеу және жылдамдықты асыру – мұның бәрі бейнекамераларға түсіп қалған. Полиция жүргізушілердің жеке басын тез анықтап, бірнеше күн ішінде оларға хаттама толтырып, жүргізуші куәлігінен айырды.
2. Сәтсіз банк тонау операциясы
Алматы қаласында бір ер адам «қосымша табыс табуды» ойлап, банк бөлімшесіне кіріп, кассаны тонамақ болды. Оның әрекеті бейнекамераға түсіп қалған.
«Ер адам ғимаратқа терезе арқылы кіріп, касса торабына жетпек болды, бірақ брондалған әйнекті бұза алмады. Әрекетінің нәтижесіз екенін түсінген қаскүнем оқиға орнын тастап кеткен», – деді Жетісу ауданы Полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
32 жастағы күдікті қысқа уақыт ішінде анықталып, ұсталды.
3. Қаланы бөгеген автоколонна
Алматыда бір топ автокөлік қала көшелерінде нағыз хаос туғызды – күрт жасалған маневрлер, қатты дабыл, қозғалысты бөгеп тастау. Көлік жүргізушілері сол сәттің рахатын сезініп жүргендей көрінді. Алайда олардың «парады» бейнекамераларға түсіп, жаңалықтар легіне шықты. Салдары болжамдағандай: полицияға шақырту түсіп, әкімшілік жазалар қолданылды.
4. Тапа-тал түстегі тонау
Алматының орталығында белгісіз адамдар бір ер адамға жүгіріп келіп, шабуыл жасап, ұрып-соғып, қолындағы ноутбук пен ақшасы бар сөмкені жұлып әкетті. Оқиға санаулы секундқа ғана созылғанымен, камера бәрін түсіріп үлгерген: ұстап алу сәтін, қашуға тырысқанын, жолдағы адамдардың абыржып қалғандары. Бұл жазба күдіктілерді ұстау кезінде басты дәлел болды.
5. Балаларды ұрған тәрбиеші
Павлодарда №116 балабақша төңірегінде дау шықты. Бейнебақылау камералары тәрбиешінің балаларға дөрекі қарым-қатынас жасағанын тіркеген. Жазбада оның бүлдіршіндерді шашынан тартып, итеріп, лақтырып және басынан ұрғаны анық көрінеді. Павлодар облысының полиция департаменті бұл деректі растады: кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер барлық мән-жайды анықтап, сондай-ақ балабақша басшылығының қабырғасында орын алған бұл зорлық-зомбылыққа қатысты әрекеттеріне құқықтық баға береді.
Айта кетейік, Алматыда елдегі алғашқы және ең ірі қалалық бейнеаналитика жүйесі енгізілуде: камералар мектептерде, балабақшаларда және ауруханаларда да орнатылуда.
6. Автокөлік мектеп оқушыларын қағып кетті
Ақтауда бейнебақылау камералары жантүршігерлік жол-көлік оқиғасын тіркеді: жеңіл автокөлік жүріп келе жатып, 11 және 12 жастағы екі баланы қағып өтті. Кадрдан бір көліктің жаяу жүргіншілер өткелінің алдында тоқтағаны, ал екіншісінің жылдамдығын төмендетпей, балаларды қаққаны анық көрінеді. Соққының қатты болғаны соншалық, оларды бірнеше метрге ұшырып жіберген. Екі зардап шегуші де ауруханаға жеткізілді, олардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Жұлдызай Қалиеваның айтуынша, зардап шеккендердің бірі ота жасатқан, қазір ес-түссіз, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Екінші бала есін біледі, оған ми шайқалуы диагнозы қойылған, қазіргі уақытта консервативті ем қабылдауда.
7. Қас қағым сәтте көліктен жасалған ұрлық
Алматыда бір ұры автокөлік иесінің алыстап кеткен сәтін пайдаланып, есікті тез ашып, салоннан жалпы құны шамамен 300 мың теңге тұратын электр құралдарын ұрлап кеткен. Қылмыс бейнекамераға түсіп, ұры сол күні ұсталды.
8. Подъездегі шабуыл
Сәтбаев қаласында бақылау камералары мас жүргізушінің қатты жылдамдықпен екі жасөспірімді қағып кеткен сәтін түсіріп алды. Оқиға 25 мамыр күні кешкі уақытта Абай көшесінде болған. Жігіттер кафе жанындағы жол жиегінде тұрған кезде, кенеттен автокөлік келіп соққан. Рөлде алкогольдік мас күйдегі ер адам отырған. Ол жол-көлік оқиғасынан кейін бірден ұсталды. Қуанышқа орай, ауыр жарақат алғандар болмады: дәрігерлер тексеруден кейін жәбірленушілердің өміріне қауіп жоқ екенін растады.
9. Жедел жәрдемнің аударылуы
Талдықорғанда шақыртуға асығып бара жатқан жедел жәрдем көлігі жол айырығында жеңіл автокөлікпен соқтығысты және салдарынан жедел жәрдем аударылып қалды. Бейнебақылау камерасынан алынған жазбада жол ережесін кім бұзып, жол-көлік оқиғасына себеп болғаны анық көрінеді.
10. Лифттегі трагедия
Ақтаудағы лифт камерасы жылдың жаға ұстатар оқиғаларының бірін таспаға түсірді: жасөспірім қолында пышағымен бес жастағы балаға шабуыл жасаған. Бейнежазба полицияға қылмыскердің жеке басын дереу анықтап, оны ұстауға көмектесті.
Бұл оқиғалардың бәрін біріктіретін бір жайт бар – дер кезінде, дұрыс орында тұрған камераның болуы. Бейнежазба тек полиция жұмысына жеңілдік әкеліп қана қоймай, алдын алу шарасы ретінде де қызмет етеді: әрбір әрекетіңнің жазылып қалуы мүмкін екенін білу – көпшілікті заң бұзбас бұрын екі рет ой елегінен өткізуге мәжбүрлейді.
Бүгінде Қазақстанда камералар жыл сайын жүздеген қылмысты ашуға, қоғамдық тәртіпті бұзудың ондаған мың жағдайын тіркеуге көмектесіп отыр. Бұл жәй ғана сандар емес – құтқарылған өмірлер, қорғалған балалар және залалсыздандырылған қылмыскерлер.