Сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді әдістерін таңдауда Қазақстан Республикасы әлемнің өркениетті елдерінің озық технологиясын таңдаумен қатар, өзіндік ұлттық ерекшіліктерді де ескерген абзал.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылғы 31-ші қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында Тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасыр ішіндегі еліміздің жетістіктері мен даму жолын саралай келіп, Қазақстан Республикасының әлемнің дамыған елдерімен иық тірестіріп, тең дәрежеде тұратын орынға шығуына, алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің сапына енуі үшін атқарылуы тиіс мақсат-міндеттерді алдымызға қойып, болашақтағы бағыт-бағдарымызды айқындап берді.
Елбасы жолдауындағы Үшінші Жаңғыруды табысты жүзеге асырудың бесінші басымдығы институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлыққа тікелей қатысты. Елбасы осы басымдықты іске асыру үшін ең алдымен, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, Мемлекет Басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресте бүкіл қоғамның белсене ат салысып, жемқорлық жағдайларына жалпыға ортақ төзбеушілік қоғамын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Әлеуметтік желінің, медиа-ресурстардың дамыған кезеңінде кез келген азамат жемқорлық дерегін анықтаған жағдайда бұл туралы тиісті органдарға хабарлап, қоғамның талқысына салуы қажет.
Дана халқымыздың «Ұрлық түбі - қорлық» деген мәтелін еске алар болсақ, елдің қаржысын талан-таражға салып, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баратын тұлғалардың ақыр түбінде тұтылатынын жоғары лауазымды тұлға да, қатардағы мемлекеттік қызметші де түсінуі тиіс.
Сыбайлас жемқорлықтың тарихы тым тереңнен келе жатқанын халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Күлембайға» деген өлеңіндегі «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта жал, Қалмады елге тығындап» деген жолдардан білуге болады. Қоғамды іштен ірітіп, азаматтардың билікке деген сенімін жоғалтуға себеп болатын бұл дерттен арылудың жолдарын табу үшін ең алдымен оның себептерін анықтау қажет.
Сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша ұсталып, өмірін өксіткен жандар көп жағдайда бұның себебін жалақының төмен болуымен түсіндіреді. Әрине, олардың бұлай ақталуына еш негіз жоқ. Отбасын асырау үшін заңмен рұқсат етілген адал нәпақа табудың бірнеше жолы бар. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 10-шы бабының 2-ші тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшіге педагогикалық, ғылыми және басқа да шығармашылық қызметпен айналысуға рұқсат етілген. Мемлекеттік қызметші негізгі қызметтен бос уақытта шығармашылықпен айналысып, оқытушылық тәжірибені жүзеге асыру арқылы негізгі еңбек ақыға қосымша қаражат табуына болады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде біршама жетістіктерге жеткен мемлекеттер туралы айтылғанда, ең біріншіден Сингапурдың тәжірибесі еске түседі. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Британ империясынан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде құрылған аралдық елдің жаңа басшысы
Ли Куан Ю бір сөзінде «Егер билік басындағы жемқорлықты құртпаса, онымен күресу еш нәтиже бермейді» деген екен.
Сингапурдағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өзге елдерге қарағанда анағұрлым жоғары, сонымен қатар, парақорлық дерегі үшін айыпталған қызметшінің кінәсі дәлелденсе, оған 100 мың сингапур доллары көлемінде айыппұл салынып, дүние-мүлкін тәркілеп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Сингапурде құрылған Сыбайлес жемқорлықты тергеу бюросы дербес мемлекеттік орган ретінде тек Премьер-министрге ғана бағынады. Жарты ғасырлық жұмысы барысында Бюроның құрығына жоғары лауазымды тұлғалар да іліккен.
Олардың бірі - Сингапурдың Қоршаған ортаны қорғау министрі Ви Тун Бун. Ол мердігер компанияның есебінен отбасымен Индонезияға курортқа барып, өзіне жеке сарай салдырып алған.
Жемқорлық фактісі бойынша істі болған бұрынғы министр барлық мүлкінен айрылып, түрмеге жабылды. Дәл осындай айып тағылған Ұлттық даму министрі Те Цзиван жазадан құтылмасын білген соң, өмірмен қош айтысты. Тергеу бюросының басшысы болған Эдвин Йео құмар ойындарға әуес болғаны үшін тұтқындалып, бюджетке келтірген шығынды толтырғанына қарамастан 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
1959 жылдан бастап 1990 жылға дейін Сингапурдің Премьер-министрі болған Ли Куан Ю туған елін сыбайлас жемқорлықтан азат, экономикалық жүйесі мықты дамыған мемлекеттердің қатарына қосты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикалық дағдарысқа ұшырап, билік жүйесін жемқорлық жайлаған Сингапур Ли Куан Юдің премьер-министрлігі тұсында халықтың әлеуметтік және экономикалық дамуы жағынан Оңтүстік-Азия елдерінің арасында ғана емес, әлем елдерінің қатарында алдыңғы орынға шықты.
Әлем елдерінің сыбайлас жемқорлық деңгейіне сараптама жүргізетін халықаралық үкіметтік емес ұйым Transparency International агенттігінің 2017 жылы жүргізген «Жемқорлықты қабылдамау индексіне» сәйкес
Сингапур әлем халықтарының арасында 5-ші орында тұр. Бірінші орында Жаңа Зеландия, екінші орында Дания, үшінші орында Норвегия, Финляндия және Швеция тұр. Қазақстан бұл рейтингте 180 елдің арасынан 122 орынға түсті, Бұған дейін ол 136 орында тұрған еді.
Аталмыш ұйымның Қазақстандағы бөлімшесі – Transparency Kazakhstan қамқоршылық кеңесінің төрағасы Марат Шибұтовтың айтуынша, бұл рейтингтегі Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің бағалануы дұрыс жүргізілмеген. Мұның бірден бір себебі еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өздерінің сыбайлас жемқорлық туралы есептерін халықаралық ұйымның жұмыс тілі болып табылатын ағылшын тілінде басып шығармауы. Сонымен қатар, түрлі елдердің сыбайлас жемқорлықпен күрес деңгейін бағалау барысында Transparency International агенттігінің мамандары субъективті баға береді. Яғни, біздің еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу деңгейі соңғы жылдарда біршама төмендеп келеді.
Жемқорлықты қабылдамау индексінде көш бастап тұрған елдердің тәжірибесін зерделеп көрсек, соңғы бес жылдың ішінде алдыңғы қатардан көрінген Дания өз елінде сыбайлас жемқорлықпен күресетін бір емес, бірнеше ұйымдар құрған. Данияның халықаралық даму агенттігі, Экспорттық операцияларды несиелеу агенттігі, Дания өнеркәсібінің конфедерациясы, Сауда кеңесі секілді ұйымдар осы елдегі «Халықаралық даму агенттігі» Ассоциациясының құрамына енеді.
Асоциация мүшелері өз келісімшарттарына сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік туралы ережелерді енгізу арқылы халықаралық деңгейдегі сыбайлас жмқорлықтың тамырына балта шауып қана қоймай, өз еліндегі парақорлыққа төзбеушілік саясатын жүргізеді. Сонымен қатар, Данияда біздің еліміздегідей шенеуніктердің кәсіби әдеп кодексі қолданылады.
Соңғы жылдары жемқорлықты қабылдамау индексінде екінші орынға шыққан Финляндияда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін мемлекет саясатының негізгі қағидалары заң шеңберінде жүзеге асырылады. Олар: құқық қорғау, саяси, қаржылық және кадрлық тәуелсіздік, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы, лауазымды тұлғалардың шешім қабылдау үрдісінің жариялылығы, мемлекеттік органдардың экономикалық секторға бақылау жүргізуін азайту, сыбайлас жемқорлықпен күрес барысында көмек көрсеткен азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету, мемлекеттік орган басшыларының парламент мүшелеріне есеп беруі, мемлекеттік қызметшілерге жоғарғы жалақы төлеу, олардың еңбек өтіліне қарай әлеуметтік қамтылуы және ең бастысы финн қоғамының және лауазымды тұлғалар корпусының сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті. Атап өтерлігі, Финляндияда сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізудің арнайы моделі жоқ. Ең бастысы, бұл елде биліктің ашықтығы мен жариялылығы, мемлекеттік әкімшілікте заңдылықты қамтамасыз ету, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мен парасаттылығы заң жүзінде бекітілген. «Мемлекеттік қызмет туралы» заң нормалары бойынша финн шенеуніктеріне түрлі сыйлықтар алуға, өзге адамдардың есебінен көңіл көтеруге тыйым салынады. Сондай-ақ, жоғары лауазымды тұлғалар, оның ішінде Үкімет мүшелері мен парламент депутаттары жыл сайын өздерінің табсытары туралы декларация тапсырып, оларды халықтың танысуы үшін ашық түрде жариялайды.
Жемқорлықты қабылдамау индексінде үшінші орында тұрған Швецияда сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады.
Оның ішінде мемлекеттік құжаттардың жариялылығы, құқық қорғау жүйесінің тәуелсіздігі қағидалары бар. Сонымен қатар, швед парламенті мен үкіметі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігі мен жоғары этикалық стандарттарын заң жүзінде бекітіп берді.
Көптеген елдер сыбайлас жемқорлықпен күресте өздеріне ғана тән әлеуметтік, мәдени ерекшіліктерге мән береді. Мәселен, Қытай Халық Республикасындағы мемлекеттік қызметшілердің партия мектебінде парақорлықпен күресу үшін медитация, қытайлық тыныс гимнастикасы, шығыс жекпе-жектерінің элементтеріне негізделген арнайы жаттығулар өткізіледі. Халық арасында бұл жаттығулар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тай-цзи» деп аталып кетті. Лауазымды тұлғалар күн сайын «Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өзін-өзі тәртіпке шақыру дағдыларын қалыптастыру жаттығулары» бағдарламасына қатысады. Тренинг барысында олар өздерінен «Маған 15 мың доллар пара берсе, алар ма едім? Ал егер, 1,5 млн доллар ұсынса ше? Жемқорлығым үшін жазаға тартылуға әзірмін бе? Маған өлім жазасы тағайындалса ше?» деген сауалдарға жауап алады. Айта кету керек, Қытай сыбайлас жемқорлық үшін өлім жазасы ең көп тағайындалатын мемлекет. 2000 жылдан бері Қытайда жемқорлық үшін айыпталған 10 мыңға жуық шендіге өлім жазасы кесіліп, ол жаза жүзеге асырылды. Яғни, орта есеппен әр күн сайын 3 шенеунік өлім жазасына кесіледі деген сөз. Қытайлықтар жемқорлықпен тек медитация және өлім жазасын тағайындау арқылы ғана күреспейді. 2007 жылы бұл елде қалың бұқараға арналған «Сатылмайтын батыр» (Incorruptible Fighter)» онлайн ойыны жасап шығарылды. Ойын барысында қатысушылар парақор шенеуніктерді ғана емес, олардың туыстарын да қырып-жояды. Жемқорларды қарумен, магия және азаптау құралдарының көмегімен жазалауға болады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес жоғары саяси деңгейде де жүргізіледі. Шанхай қалалық партия комитетінің төрағасы Чэнь Лянъюй 18 жылға бас бостандығынан айырылса, Пекин мэрінің бұрынғы орынбасары Лю Чжихуа алдымен өлім жазасына кесіліп, кейін өмір бойы түрмеде отыратын болды.
Сарапшылардың айтуынша, Қытайдағы жемқорлыққа қарсы күрес шараларының нәтижесінде жыл сайын 45 мың шенеунік пен 20 мың құқық қорғаушы органдардың қызметкерлері бостандығынан айырылады.
Америка Құрама Штаттарының жемқорлыққа қарсы күрес тәжірибесін талдап көрсек, бұл елде парамен ұсталған кез келген тұлғаны атақ-даңқына, лауазымына, әлеуметтік жағдайына қарамастан ауыр жаза күтеді. Мысалы, АҚШ тарихындағы ең үлкен қаржылық пирамида – Nasdaq фонд биржасын құрған Бернард Мейдофф инвесторлардың 50 миллиард долларын қымқырғаны үшін екі бірдей өмір бойғы абақты мерзіміне бас бостандығынан айырылды. Ол темір тордың ар жағында 150 жыл өткізуі тиіс.
Әлем елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудегі тәжірибесін саралай отырып, ол әдістердің ең тиімді деген тұстарын біздің еліміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияға енгізуге болады. Әсіресе, дамыған елдердің парақорлықпен күрес саясатындағы келесі әдістерді пайдалану біз үшін оңтайлы болар еді.
Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы одан сайын жетілдіріп, ол заңдардың жүзеге асырылуын салалық органдар тарапынан қатаң бақылауға алу.
Екіншіден, жемқорлықпен қазақстандық қоғамның бірігіп күрес жүргізуі, яғни, азаматтық қоғам институттарының белсенді жұмысы, сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша дерек берген қарапайым азаматтардың заңмен қорғалуы және ынталандырылуы.
Үшіншіден, мемлекеттік атқарушы органдарда коррупцияға жол бермеу үшін қатардағы мемлекеттік қызметшілердің оңтайлы жұмысын баллдық жүйемен бағалап, олардың жалақысын есептеуде бонустық жүйені қолдану.
Төртіншіден, мемлекеттік сатып алулар мен тендерлер өткізу барысында пайда болатын сыбайлас жемқорлық қатерлерін жою үшін бұл жұмысты барынша ашық және жария түрде өткізу.
Бесіншіден, азаматтық қоғам арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік дағдысын қалыптастыру мақсатында коррупциялық құқық бұзушылықтардың мониторингі мен сараптамасының жаңа түрлерін енгізіп, оларды кәсіби одақтар тарапынан талқылап, халықтың арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысында халықаралық ұйымдармен байланыс орнату.
Еліміздегі тәуелсіз саясаттанушылардың пікірінше, жемқорлыққа қарсы күрестің ең тиімді жолы – мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету. Әр мемлекеттік органда қатардағы маманнан бастап басшыға дейін әр шенеуніктің жұмысы қоғам мен ақпарат құралдарының назарында болуы тиіс. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау кезінде оларды тамыр-таныстық арқылы емес, білімі мен қарым-қабілетіне қарап алу керек.
Сонымен қатар, пара алу кезінде ұсталған қызметкерге ауыр жаза тағайындалып, оның мемлекеттік қызмет саласына қайтып оралуына жол берілмеуі керек.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік қызметшінің абыройына тигізетін нұқсаны мен азаматтардың билікке деген сеніміне селкеу түсіретінін жақсы түсінгендіктен өзінің 2015 жылғы 20-шы мамырда қабылданған «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші әрі басты реформасы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бойынша нақты міндеттер жүктеп, тиісті тапсырмалар берді. Ұлт жоспарының бірінші және екінші қадамдарына сәйкес мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталып, мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өсуі олардың іскерлік қасиеттерінің негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, мемлекеттік қызметке тұрған азаматтар ендігі жерде төменгі лауазымда ең кемі үш жыл қызмет ету арқылы ғана ары қарай жоғарылауға мүмкіндік алады. Лауазымдық өсу жолы мемлекеттік қызметшінің «аға-көкелерінің» арқасында емес, оның жұмыстағы белсенділігі, тиянақтылығы, өз міндеттерін орындаудағы жоғары жауапкершілігі сияқты іскери қабілеттерге ғана байланысты болады.
Ұлт жоспарының үшінші және төртінші қадамында көрсетілгендей мемлекеттік қызметке алғаш рет тұратын тұлғаларды үш сатылы іріктеу жүйесін енгізіп, оларға міндетті түрде сынақ мерзімін тағайындау арқылы мемлекеттік қызметке кездейсоқ келген азаматтардан арылып, өз ісіне берілген, кәсіби қызметшілер санын арттыру көзделіп отыр. Бесінші қадамда айтылған мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын оның жұмысының, жасаған еңбегінің нәтижесіне қарай өсіру. Бұл жерде көңілде қалатын түйткілді мәселе бар. ОЛ: мемлекеттік қызметшінің еңбегін кім бағалайды?
Қазіргі қалыптасқан жағдай бойынша әр қызметшіні жоғарыдағы басшысы оның қызмет өтіліне, атқаратын функционалдық міндеттеріне сай бағалауы тиіс. Алайда, мемқызметшілер жоғары баға алу үшін бастығына жағымпазданып, оның ығына жығылуы айтпаса да түсінікті.
Бұл жерде кіші, орта, жоғары буындағы басшылар қол астындағыларды шынайы мәнінде әділ бағаласа жақсы. Яғни, бұл қадамды жүзеге асыруда біз адами фактормен санасу қажет. Осымен үйлесетін алтыншы қадам бойынша белгіленетін жылдық, стратегиялық жоспалар мен қол жеткізуге тиісті индикаторларды жоспарлауда олардың қол жетімді болуы шарт. Себебі, Ұлт жоспары бойынша еңбекақы мемлекеттік қызметкерлерге жеке жылдық жоспарларды, мемлекеттік органдар үшін – стратегиялық жоспарларды орындағаны, министрлер және әкімдер үшін – мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторларына қол жеткізіп, халықтың өмір сапасын жақсартып, инвестиция тартқаны үшін, Үкімет мүшелері үшін – интегралдық макроэкономикалық индикаторларға қол жеткізгені үшін жұмысының нәтижесіне қарай төленеді. Аспандағы айға қол созамыз дегенмен, оған жету мүмкін емес екені бесенеден белгілі. Сондықтан да, әр қызметші, мемлекеттік орган, әкімдер мен министрлер, Үкімет мүшелері өз жоспарларын бәрінен озамын деп емес, нақты нәтижеге жұмыс істеймін деп жоспарлағаны абзал.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттері қосылады. Бұл мәселе, әлі күнге дейін Еңбек заңнамасымен әлі реттелген жоқ. Өңірлік коэффициентті енгізу үшін Қазақстан Республикасының «Еңбек кодексіне,. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына және т. б. Нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бұл бағытта еліміздің Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігі жұмыс атқаруы тиіс. Ұлт жоспарының сегізінші қадамы бойынша бір өңірден екінші өңірге ауысып келіп жатқан мемлекеттік қызметшіге жекешелндіру құқығынсыз қызметтік пәтерді міндетті түрде беру қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Өзі үйсіз-күйсіз жүрген қызметші жұмысын тиісті дәрежеде орындай алмайды.
Тоғызыншы қадам бойынша мемлекеттік қызметкерлердің тұрақты түрде оқу жүйесін заңды түрде бекіту, яғни, үш жылда бір рет кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында құрылған ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен оның өңірдегі филиалдарының жұмысы дұрыс жүйеге қойылған. Әр мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби біліктілігін шыңдап, түрлі семинарлар мен даайындық курстарынан өтуге құқылы. Бұл – оның білімін жетілдіріп қана қоймай, мансаптық тұрғыдан жоғарылауына да септігін тигізеді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген осы мақсат-міндеттер тек қана әр мемлекеттік қызметшінің адалдығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында жүзеге асып, еліміздің дамуына серпін беруі тиіс. Ол үшін ең бастысы, мемлекеттік қызметшілер бойында отансүйгіштік қасиеттері қалыптасқан, туған жері мен елі үшін қалтқысыз қызмет ететін жоғары парасатты тұлға болуы шарт. Сонда ғана, біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы экономикасы мықты, халқы бай-бақуатты, азаматтарының тұрмысы жоғары елге айналады. Сондықтан да, алға қойылған мақсат-міндеттерді мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам бірлесіп атқаруы қажет. Бірлік – түбі береке екендігін естен шығармай, бірлесіп қамал алатын кезең келіп жетті.
Теміров Ербол Рахметоллаұлы
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің бас маманы