Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек Алматыда орналасқан Ақсай бөгетінің қазіргі жай-күйіне қатысты мәселені көтеріп, Үкімет басшысы мен Бас прокурорға депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz
Депутаттың айтуынша, Ақсай бөгетінің 22 миллиард теңге тұратын құрылысы 2023 жылдың сәуірінде тоқтатылған және селден құтқару бөгеттерінің құрылысында орын алған заңсыздықтар әшкере болып жатыр.
– Бөгет құрылысы Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органының ұйғаруымен тоқтатылды. Бұған тапсырыс беруші “Қазселденқорғау” мекемесінің бастапқы жобаға өзгеріс енгізіп, оны мемлекеттік сараптамаға бермеуі себеп болған.
Нәтижесінде 30 мың адамның өмірін сақтауға тиіс нысан тапсырыс берушінің салғырттығынан 2 жыл бойы рұқсатсыз салынып, бөгет сапасы күмән тудыруда. Қылмыстық тергеу органы ТЖД мен “Қазселденқорғау” лауазымды тұлғаларының әрекетіне әділ баға береді деп үміттенеміз, – дейді Бақытжан Базарбек.
Депутат осы мәселе бойынша прокурорлық тексеру жүргізуді сұрады.
Сонымен қатар бүгін Алматыдағы Ақсай бөгетінің құрылысына жауапты мердігер "Tolagai-2050" компаниясы директорының орынбасары Асқар Сердалин компанияның Instagram желісіндегі парақшасында "Қазселденқұтқарудың" мемлекеттік мекемесінің айыптауына жауап берген еді.
– Нысан құрылысы Алматы облысының қала құрылысын бақылау басқармасының жобалық құжаттамаларға түзетулердің мемлекеттік сараптамадан өтпеуіне байланысты тапсырыс берушіге қатысты ұйғарымына орай тоқтап тұр.
"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңның 9-1 тарау, 64-1 бап, жетінші тармағына сәйкес, жобаны мемлекеттік сараптамадан тек тапсырыс беруші, яғни "Қазселденқұтқару" мекемесі ғана өткізе алады.
Нысан құрылысы тоқтағанына бір жылдан асты. Қазірге дейін тапсырыс беруші тарапынан нысанның жұмысын уақытша тоқтату және мемлекеттік сараптамадан өту бойынша жұмыстар жүргізілген жоқ.
Тапсырыс берушінің қолында қажетті құжаттардың бәрі бар және мемлекеттік сараптамадан өткізуге ешқандай кедергі жоқ. Алайда, тапсырыс беруші өзінің тікелей міндеттерін орындаудың орнына жауапкершілікті мердігерге артып қоюға тырысып жатыр, – деп жауап берді Асқар Сердалин.
Мердігер компания өкілінің сөзінше, құрылыс жұмыстары бүгінде 89 пайыз аяқталған және егер жобаға түзетулердің мемлекеттік сараптама қорытындысы шыққан жағдайда компания тапсырыс берушімен бірге жұмысты аяқтауға дайын.
Айта кетейік, сөз болып отырған бөгет Алматыдағы Наурызбай ауданының және Алматы облысының құрамына кіретін Қарасай ауданының тұрғындарын селден қорғайды деп қарастырылған.