Ертең, 10 сәуірде Жетісу облысында Шерзат Болаттың өліміне байланысты соттың алдын ала тыңдауы басталады. Құқық қорғаушы Мейірман Шекеев аталған іске байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Әзірге іс материалдарын ашып айта алмаймын. Сондай-ақ судяның бейтараптылығы мен соттың ашықтығына да баға бере алмаймын. Бұл қорытынды алдағы уақытта соттың әрекетіне байланысты белгілі болады”, — дейді құқық қорғаушы.
Адвокат марқұм Шерзаттың ата-анасының дайындығы туралы да сөз қозғады.
“Марқұм Шерзаттың ата-анасымен күнде байланыстамыз. Баласы мен бауырынан айырылған адам үшін бұл оңай емес. Ертең бұйырса, барлығы сотқа барады”, — деді ол.
Сот неліктен Талдықорғанда өтеді?
Жоғарғы сот Шерзат Болат ісі бойынша сот отырысы неліктен Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтетінін түсіндірді.
“Айып тағылған тоғыз адам Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыруына байланысты сот отырысы Жетісу облысында өтеді”, — деп толықтырды олар.
Құқық қорғаушы не дейді?
Құқық қорғаушы Мейірман Шекеев сот отырысы баспасөз өкілдеріне ашық түрде өтетінін, бірақ Қуандық Бишімбаевтың ісі секілді онлайн трансляция жүргізілмейтінін мәлімдеді.
“Істі Алматы облыстық соты қарайды. Келесі сот отырыстары Қаскелеңде жалғасуы мүмкін. Бұл тек алдын ала тыңдау” – деп түсіндірді ол.
Марқұм Шерзаттың отбасының мүддесін кімдер қорғайды?
Сотта Марқұм Шерзат Болаттың отбасының мүддесін Мейірман Шекеев жетекшілік ететін алты адвокат қорғайды. Олар: Жандос Палманов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ібраев, Бақдат Амандосұлы және Бекзат Мязов.
Істе неше адам күдікті ретінде танылды?
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов баласының өліміне қатысы бар деген күдіктілерге қатысты қосымша арыз дайындап жатқанын хабарлаған едік. Бұл туралы жәбірленуші тараптың жаңадан қосылған адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді.
“Іс материалдарымен таныса келе, біз бұл қылмыстық іс аясында азаматтық талаптың берілмегенін анықтадық. Қазір сол талапты әзірлеп жатырмыз. Бұл әрекет Қаржаубай мырзаға қаржылай өтемақы алу үшін емес, қамауда отырған күдіктілерге үкім шыққан соң олардың мерзімінен бұрын босап кетуіне жол бермеу мақсатында жасалып отыр”, – деді Шекеев.
Оқиға орнында болған екі қыз қайда?
Адвокат қоғамда қызу талқыланған бір сұраққа да жауап берді.
“Халықты алаңдатып отырған маңызды сұрақтардың бірі – оқиға орнында болған екі қыздың тағдыры. Олар әлеуметтік желілерде күдікті ретінде көрсетілгенімен, іс материалдарына сәйкес, тек куәгер ретінде жауап берді”, – деді қорғаушы.
Мейірман Шекеевтің айтуынша, бұл қылмыстық іс бойынша 9 адам күдікті ретінде танылған. Соның ішінде біреуі – кәмелет жасына толмаған. Оған Қылмыстық кодекстің 434-бабы — қылмыс туралы хабарламау бойынша айып тағылған. Ал жәбірленушілер саны – алты. Олардың екеуі – Шерзат пен Нұрқанат.
Қоғам белсенділері не дейді?
Қоғам белсендісі, блогер Жан Ахмадиев Шерзат Болаттың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іске күмәнмен қарайтынын жеткізген еді.
“Соттың әділ өтетініне жартылай сенімдімін. Өйткені біз әділет жоқ “Әділетті Қазақстанда” өмір сүріп келеміз. Мен кеше өзімнің инстаграм парақшамда айтқандай, бұл істе 13 адам емес, 9 адам күдікті ретінде танылған. 2 қыз жоқ. Сол 9 адамның екеуіне ғана ауыр қылмыс бойынша айып тағылып отыр. Бірі – Қылмыстық кодекстің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша, екіншісі – қылмыс жасауды жоспарлау бабы бойынша күдікті. Ал қалған алтауына бұзақылық бабы бойынша (6 жылға дейін бас бостандығынан айыру) жаза қарастырылған болуы мүмкін. Тағы бір күдікті кәмелет жасына толмаған. Оған қылмыс туралы хабарламағаны үшін айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша оған айыппұл салынуы мүмкін немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал”, — деді ол.
Бишімбаев ісіндегі прокурор Шерзаттың өліміне қатысты пікір білдірді
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты арқылы қоғамға кеңінен танылған прокурор Айжан Аймағанова да Шерзаттың ісінде үнсіз қалмады.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, бұл іске оның да қабырғасы қайысқан.
“Біздің жазбаның астына және айдарымызға сіздерден Шерзаттың ісі бойынша көп сұрақтар түсуде. Әрине, мен де Шерзаттың ісіне алаңдаймын, бұл іс менің де жүрегімді қозғады, бірақ - бәрі заңға сәйкес болады. Біз бір қағиданы түсіну керекпіз: әрбіреуіміз өз орнымызда еңбектенуіміз керек, өз жұмысымызды адал атқару ол міндет. Мен сенімдімін, Алматы облыстағы менің әріптестерім өз жұмысың адал атқаруда”, - деді ол.
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев та Талғардағы трагедияға қатысты үн қосты
Оның айтуынша, бұл оқиға ел билігінің шынайы бет-бейнесін анық көрсетті.
“Талғардағы қайғылы оқиға – Қазақстанның шындығын бейнелейтін көрініс. Мұнда әділдікке жету үшін ақиқаттың емес, күш пен құқықтың үстемдік ететінін көреміз. Тәртіпсіздік жайлаған қоғамда адамдар билік өкілдері тарапынан әділетсіздік көріп, олардан үмітін үзді. Ал жемқорлық болса, мемлекеттік басқару жүйесінің барлық деңгейіне еніп, жүйенің ажырамас бөлігіне айналды. Қылмыстық сана шенеуніктерді “паханға”, ал “пахандарды” шенеуніктердің серігіне айналдырып отыр”, — деп жазды ол.
Саясаттанушы мұндай оқиғалар тізбегі жылдар бойы жалғасып келе жатқанын алға тартты.
“Соңғы 30 жылда Талғардағыдай трагедиялар Қазақстанның әртүрлі өңірінде сан мәрте болған. Бірақ олардың көпшілігі қоғамға жария болған жоқ. Бір жерде жәбірленушілерге қысым көрсетілсе, басқа жерде билік өкілдері статистиканы бұзбау үшін жағдайды барынша жасыруға тырысты”, — деп қосты ол.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт не дейді?
Белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Талғарда Қаржаубай Нұрымовтың отбасында болған қайғылы оқиғалар тізбегі авторитар биліктің бойында “пост-Қаңтар синдромының” күшейе түскенін көрсетеді деп баға берген болатын.
Бұл жайында ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Айтуынша, Ақорда мен күштік құрылымдар халықтың наразылығынан қорқып, азаматтарды бақылауда ұстау үшін барын салуда.
“Ақорда мен күштік құрылымдар “халық көтеріліп кетпесе болды” деген үреймен азаматтарды, тіпті әділет іздеп шырылдаған Қаржаубай Нұрымов секілді жәбірленушілерді де алдап-арбауға, үркітуге, айыппұл салуға, қамауға дайын екенін анық көрсетті”, — дейді ол.
Оның сөзінше, Әділетті Қазақстан халық өз мемлекетіне сенген жағдайда ғана орнайды.
“Талғардағы трагедияны “Ескі Қазақстанның Тоқаевқа жасаған саботажы” дейтін конспирологтар шықса, еш таңғалмаймын. Шын мәнінде, қазір Қазақстанда билікті дәл өзі сияқты дискредитациялайтын саяси күш жоқ.
Әділетті Қазақстан, Тоқаевша айтсақ, “заң диктатурасымен” орнамайды. Әділетті Қазақстан азаматтар өз мемлекеті қорғансызға қорған болғанда, құқық қорғау органдары істі ашық әрі жан-жақты қарағанда, соттың әділ шешім шығаратынына шын сенген жағдайда ғана орнайды. Ел байлығының жартысынан астамы бар болғаны 165 адамның қолында шоғырланған, халқы айлығының 70%-ын тамаққа жұмсайтын, әрбір бесінші азаматы шетелге көшуді ойлайтын Қазақстанда ол сәттің жақында тумайтыны анық.
Ал ол күн туғанша Астанада ықпалды көкесі, оффшорда миллиондаған доллары, күштік органдарда “крышасы” жоқ “әлсіз” отбасыда туылған әрбір қазақстандық қатыгез, қорқақ әрі селқос қоғамда о бастан аутсайдер болып қала береді”, — деп қосты ол.
Оқиға қалай өрбіген еді?
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша оның суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал 10 желтоқсанда оның өліміне қатысты сараптама қорытындысы шықты.
"Сот-медициналық сараптаманың алдын ала болжамы бойынша, 9 желтоқсанда Талғардың шетінде табылған 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті. Денесінде зорлық-зомбылық сипаттағы белгілер жоқ.
Сарапшылармен анықталған дене жарақаттары, мысалы, странгуляциялық және мойынның абразиялары асылған жіпті қолданған кезінде пайда болатын жарақаттарға сәйкес келетінін көрсетті. Барлық белгілер суицидті көрсетеді, мойынындағы зақымдану сипаты мұндай жағдайларға тән", - делінген хабарламада.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін, бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.
"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.
Осылайша Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.
Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат С. Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ адам жасаған, азаматша Б. Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.
Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.