Тараз қаласындағы №2 сотта қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігерінің орынбасары мен бас есепшісіне қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар алаяқтық әрекеттері үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, аталған тұлғалар медициналық мекеменің 758 миллион теңгеден астам қаражатын жымқырған.
Сонымен қатар бас дәрігердің орынбасары қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырып, 4,4 миллион теңге көлемінде табыс тапқан. Сот оны бірнеше қылмысты біріктіре отырып, кінәлі деп таныды және 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленіп, 10 жыл бойы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Аурухананың бас есепшісінің де мүлкін тәркілей отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол да 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Айта кетейік, бұған дейін де медицина саласындағы жемқорлық деректері жиі тіркелген болатын.
Өткен жылдың тамыз айында Атырау қаласындағы №4 қалалық емхананың басшылығына және кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты. Олар қызмет көрсету бойынша жалған келісімшарттар арқылы 231,8 миллион теңге жымқырды деп айыпталған.
Алматыда да қалалық емханалардың бухгалтерлері 341 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған.
Бұдан бөлек, шілде айында Республикалық дерматология ғылыми орталығының басшысы мен орынбасары 5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Бұл сома медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру қызметтеріне келісімшарт жасасу үшін берілген делінген.
Сол кездері елордалық медициналық орталық дәрігері Макишева 500 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталған. Бұл соманы ол бір пациенттен жоспарлы хирургиялық операция жасау үшін алған.
Биыл қаңтар айында Жамбыл облыстық онкология және хирургия орталығының директоры Айбаз Алихановтың пара алғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Белгілі болғандай, 2023 жылы ол Тараз тұрғынын медбике қызметіне орналастырғаны үшін 400 мың теңге алған деген күдікке ілінген.