«ҚАЛА МЕН ДАЛА» ГАЗЕТІ ОРЫСТІЛДІ БОЛСА ДА, ҚАЗАҚ ҮШІН, ҚАЗАҚ МҮДДЕСІ ҮШІН КҮРЕСЕТІН, ОЙЫН АШЫҚ АЙТАТЫН БАУЫРЛАРЫМЫЗДЫ ЖАҚЫН ТАРТЫП, ҚОҒАМДАҒЫ САН ТҮРЛІ ЖАҒДАЙЛАРҒА КӨЗҚАРАСТАРЫН БІЛУДІ МАҚСАТ ТҰТАДЫ.
«Тек» айдарының бұл жолғы қонағы белгілі блогер, пиар-директор – Ерлан АСҚАРБЕКОВ. Негізінен, бизнестің адамы. Өзін блогер деп атамауды өтінген. «Қадірі кетіп қалды» дейді.
Ерлан «еліміздегі ресейлік телеарналар арандататын ақпар таратып отыр» деп үндеу көтерген белсендінің бірі. «Орыстың мемлекеттік арналарының аузын бууы керек» деп бастама көтерген. Қазақша білмейді. «Бірақ, тегімді білем» дейді. Ақындығы да бар.
«Многое бы отдал чтобы писать стихи на казахсом языке...» деп жырлаған осы Ерлан.
– Ерлан, еліміздегі ресейлік телеарналардың хабар таратуына шектеу қою туралы бастама көтеріпсіз.
– Бұл петицияны былтыр жазғанмын, негізі. Одан бері бір жыл өтті.
– Сол кезден бері не өзгерді, қандай өзгеріс болды?
– Кремльдің ақпарат құралдары бізді билеп-төстеп отыр. Мойындайықшы. Қоғам дуаланған. Телеарнаны қосыңыз: «Украина құрдымға кетудің аз алдында тұр», «АҚШ азғындап барады», «Батыста дағдарыстың дауылы есуде»... Өтірік. Кемсіту. Тұтас ұлтқа тіл тигізу. Біздің ақпараттық нарық теріскей көршінің тегеурініне төтеп бере алатын жағдайда емес екен. Ресей бізге ақпараттық соғыс ашқан жоқ, бірақ соның шалығының өзі бізді шалқамыздан түсіріп жатыр.
Өзгеріс болды. Қоғамның, қазақтардың екі нәрсеге көзі жетті-ау деп ойлаймын: ХХІ ғасырдың адамы сияқты ойлайтын болдық. Бұл заманда көршіге соғыс ашқан елдің не есі ауысқанын, не империялық пиғылынан әлі айықпағанын ұғындық. Екіншісі, соғыс басталған жерде ақпараттық айқас та күшіне енетінін, ал мұндайда бір-біріне аяушылық болмайтынын білдік. Бәрі емес, біразы ұғынды. Солай ойлаймын. Дәл қазір бұған қатысты зерттеу жүргізетін-ақ кез.
Ресейдің негізінен мемлекеттік арналарының аузын буу керек. Әсіресе, жаңалықтар мен саяси ток-шоулар өтірікті судай сапырып жатыр. Шындықтың өңі айналып кеткен. Білсеңіз, бұларды мемлекет есебінен ретрансляциялап отырмыз.
Былтыр Бас прокуратура кабельді пакеттегі арналардың тізімін сүзгіден өткізетінін хабарлаған. Сең қозғалды деп ойлаған едім. Содан бері үнсіз. Әлгі өтірікші, жалақор арналарды қымбат пакетке ауыстырып жіберу керек. Негізі, әр адамның өзіне ұнайтын арнаны қалауына құқы бар.
– Украинадағы соғыс біздің көп нәрсеге көзімізді ашты деп айтуға бола ма?
– Сіз де, біз де мынаны ұғынсақ. Бұл бізге түк қатысы жоқ бөтен соғыс. Шыны керек, Мәскеу білгенін қылсын. Тек Кремьлдің арандататын, адамды адамға айдап салатын ақпараты еш тосқауылсыз бізге де үйіліп-төгіліп жатқаны алаңдатады.
– Әлеуметтік желідегі жазбаларыңызда теріскей көршімізді көп сынайсыз. Бұл кейбіреуге ұнауы, ал енді біреуге ұнамауы мүмкін. Дегенмен, бұл тараптағы сіздің нақты позицияңыз қандай? Мұндай жазбаларды ұпай жинау үшін жүргізетіндер де бар ғой?
Ресейдің негізінен мемлекеттік арналарының аузын буу керек. Әсіресе, жаңалықтар мен саяси ток-шоулар өтірікті судай сапырып жатыр. Шындықтың өңі айналып кеткен. Білсеңіз, бұларды мемлекет есебінен ретрансляциялап отырмыз.
– Қазақстанға Ресей керек. Ауадай қажет. Бірақ, бүгінгі саясаты озбыр, жаңалықтары жалған, қоғамы дуаланған Ресей емес. Өзінің империялық пиғылынан айыққан, Жириновский сияқты санасыздар мен сауатсыздарды билікке маңайлатпайтын, белгілі бір дәрежеде демократиялық дамуға түскен Ресей керек. Мұндай елді жуыр арада көреміз бе, жоқ па, ол жағын білмеймін. Болжай да алмаймын.
– Сұхбаттың басында сізге бұл айдардың мақсаты қандай екенін айтқанбыз. Бірақ, сізге қазақша бір ауыз сөздің өзін түсіну мұң екен. Бұған не себеп? Қазақша үйренуге, сөйлеуге не кедергі келтіріп жүр? Қанша дегенмен Қазақстанда өмір сүресіз, аракідік болса да қазақы ортада боласыз. Мұның бәрі сізді туған тіліңізді үйренуге итермелемеді ме?
– Осы мәселе жанымды қинайды. Құлқым жоқ деп айтпаймын. Бір комплекс бар сықылды. Қазақша сөйлей бастасам елдің бәрі маған қарап тұрғандай қуыстанып, тұтығып қаламын. Ел де қызық. Не айтады екен деп аузыңа қарайды. Демеп жіберіп, сөзіңді жалғап жіберу жоқ...
Бұл тарапта ағылшындар өте ақылды халық. Бұдан 15 жыл бұрын Британ кеңесінде істедім. Әлгі елдің тілінде мүдіріп, сүрініп сөйлей алмай жатсам да: «ағылшыншаңыз қандай керемет!» деп қолпаштай жөнеледі. Әрине, өтірік айтады. Беттері бүлк етпейді. Мұны өзім де білем. Бірақ, мұның өзі адамға үлкен көмек. Кәдімдігідей сеніп қаласың. Арқаң кеңіп, әжептәуір еркің сөйлейсің.
Енді бір 10-15 жыл күтейікші. Күллі Қазақстан қазақша сөйлейтін болады. Жағдай өзгеруде. Қоғамдық орта қазақыланып барады. Орыстілді қазақ ретінде мұның бәрін бақылап, көріп, біліп жүрмін.
Иә, туған тілімді шала-пұла... жарайды, мойындайын, мүлдем білмеймін. Қазақ тілін үйренушілердің қатарына кешігіп қосылатындардың бірі мен болармын. Көп нәрсе кедергі болды. Оның бәрін тізбелеудің қажеті жоқ шығар.
Мен – қазақпын. Шалақазақ та, мәңгүрт те емеспін. «Қызыл империяның» қиянатын, Ақтабан-шұбырындыны, 32-33 жылдағы аштық пен қуғын-сүргінді, 86 жылғы Желтоқсан көтерілісін, бәрін де білемін. Әттең, тілім орысша шықты. Осал тұсым осы. Бірақ, тілімді білмесем де, тегімді білем және қазақты сіздерден кем сүймеймін. Артық болмаса...
– Ол кезге дейін орыстілді қазақтарға ақыл кірер ме екен...
– Сосын «орыстілді қазақтар қазақ тіліне іштей болса да қарсы, жүрегінің түкпірінде тұтас елдің қазақтілді мемлекетке айналуынан қорқады» деген әңгімені кім шығарып жүр? Жас кезімде өлең жаздым. Орысша. «Многое бы отдал чтобы писать стихи на казахсом языке...» деп жазғаным бар. Шын сөзім. Қазақша өлең жазу арманым еді.
– «Шалақазақтар деген терминді біздің сөздік қордан мүлдем алып тастасақ қуанар едім» депсіз. Неге?
– Жаман естіледі. Мен – қазақпын. Шалақазақ та, мәңгүрт те емеспін. «Қызыл империяның» қиянатын, Ақтабан-шұбырындыны, 32-33 жылдағы аштық пен қуғын-сүргінді, 86 жылғы Желтоқсан көтерілісін, бәрін де білемін. Әттең, тілім орысша шықты. Осал тұсым осы. Бірақ, тілімді білмесем де, тегімді білем және қазақты сіздерден кем сүймеймін. Артық болмаса...
Орыстың ортасында жүрген адам ретінде айтайын, біздің бөлінгенімізге біреулер мәз болып күледі. Мысқылдайды. Соларға мазақ болып жүрміз. Бізге күлетіндер, мазақ қылатындар – өз ішімізде жүр. Сондықтан «шалақазақтар» деп атамаңдаршы, өтінемін. Өзгесін қайдам, өзім бұған қатты қынжыламын, жүрегім ауырады. Онсыз да аз қазақты өзара араздастырғаннан не пайда?
Туған тілін таза білетіндер бір нәрсені бұрыс түсінеді. Жасырмайын, «орыстілді қазақтар қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына қарсы» деп ойлайды. Бәлкім, бұл біздің арамыздағы диалогтың жоқтығынан шығар.
– Кінәлі кім?
– Оны іздемей-ақ қоялықшы. Орыстілді қазақтың арасында халқының мүддесіне қызмет етіп жүрген және қазақтың атын айдай әлемге танытуды армандайтын азаматтар көп. Олар мұны сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр. Бәлкім, мұны көре білетін көз керек шығар...
– Рахмет!
Әңгімелескен, Думан БЫҚАЙ