Дегенмен, кез келген саяси өзгеріс, мемлекеттік реформалар бір күнде жасала салмайды. Қазақ ондайды «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деп меңзеген. «Мәскеу бір күнде салынған жоқ» деген де тәмсіл бар.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз?
Алыстан орағытпай турасына көшсек. Жаңа Қазақстанның алғы шарттары жасала бастады қазір. Мысалы, кеше ғана Елорда атауын Астана деп өзгерту туралы заң жобасын қос палата қос қолдап қолдады.
Қала атауын Астана деп өзгерту «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген болатын. Мәжіліс пен Сенаттың батасынан кейін, Президент жарлыққа қол қойса, елорданың атауы – Астана болмақ.
Біз күткен өзгерістер Астана атынан басталуы керек еді. Басталды.
Астана қаласының аты Нұр-Нұсұлтан болып өзгергенде, халық іштей де, ашық та қарсылық білдірген болатын. Бұл реформаны ешкім құптаған жоқ ол кезде. Билік өзі ғана шешті.
Ақордаға жақын жүргендер мен әкім-қара, министр, депутаттар ғана қос қолдап қолдаған шығар. Ал қарапайым халық адам атымен қаланы атаудың өрескел қате екенін ескертті. Сол кезде бүкіл әлеуметтік желі қарсылық үнге толып кеткенін жасырмаймыз. Бірақ қарашаның дауысы ескерілген жоқ.
Сөйтіп, 1998 жылдан бері «Астана» атын брендке айналдыру үшін кеткен қаржы, жұмсалған уақыт – бәрі есіл еңбек болып қалды.
Енді соның орны толып отыр. Өлген тірілді, өшкен жанды деген осы. «Астана» бренд дедік қой. Әлемдік бренд! Мысалы, кезінде «Астана» футбол клубы болды. «Астана» велокомандасының өзі Қазақстан атын біраз жерге танытты. ЭКСПО кезінде де Астана аты бүкіл әлемді шарлап кетті.
Шетелдіктер Қазақстан деп емес, Астана үшін келетін жағдай орнаған. Сол брендтен айырылып қалған едік. «Қайтқан малда береке бар».
Қала аты өзгерсе, бренд қалыптастырудың бәрін басынан бастамаймыз, тек жалғастырамыз. Қаржы үнемделеді. Уақыттан ұтамыз. Бұл бір.
Екіншіден, Астана атын қайтарсақ, ономастикалық инфрақұрылымды бірден жаңартпаймыз.
Мысалы, белгілер мен жолнұсқаулықтар, маңдайшалар мен бағыт сілтейтін тақтайшаларды, мекеме атауларын, іс-қағаздар мен құжаттарды бірден ауыстырмаймыз. Уақыты келген кезде өз ретімен жаңартып отырамыз. Бұл жағынан да ақша үнемдеуге болады деген сөз. Оның үстіне, бұрынғы Астана атауымен сақталған құжаттар мен нұсқаулықтар әлі бар. Оны да пайдалана беруге болады.
Шетелдіктер Нұр-Сұлтан дегеннен гөрі, Астана атауының тілге жеңіл, жүрекке жылы, есте сақтауға оңай екенін айтады. Онысы рас, кез келген шетелдік қиналмай айта алады, жазуға да қолайды. Қазақша дыбыстар жоқ.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушысы Елдос Тәңірбергенұлының айтуынша, Астана атауының қайта жаңғыруы – бұл халықтың талабы.
«Жаңа Қазақстан – бұл мемлекеттік жаңғыру, саяси реформа. Ал Астана атауының қайта оралуы сол реформаның бір тармағы ғана. Жаңару, жаңғыру дегендер осындай тармақтардан бастау алады. Сондықтан, меніңше, бұл күнді тарихи жаңғыру ретінде қабылдаған дұрыс.
Көптеген адамдар Астана атауының қайта жаңғыруын салқынқанды қабылдап жатқан сияқты. Жасыртатыны жоқ, қайбір жылы Астана қаласының аты Нұр-Сұлтан болып өзгергенде, халық өз пікірлерін білдірді. Мұның дұрыс емес екенін айтты. Бірақ қала аты бәрібір ауысты. Енді Елорда атауын қайтарғанда қуанып жатқандар көп. Сол қуаныш көп болсын. Бұл конституциялық өзгеріс. Бізге өз Конституциясын қорғай алатын, өз тағдырына өзі жауап беретін қоғам керек!» деген ойын білдірді спикеріміз.
Бір жағынан Астана атауының қайта жаңғыруы билік пен бұқара арасында үндестік бар екенін көрсетеді.
Бұрын айттың не, жаздың не, ешкім ешнәрсеге пысқырмайтын. Қазір естіп қана қоймайды, нақты шешімдер қабылдайды. «Халық үніне құлақ асатын» мемлекет тұжырымдамасы деген сол. Астана атауы соның бір дәлелі.
https://dalanews.kz/bilim/81355-qazuu-de-studentter-qataryna-qabyld