Танымал заңгердің арызы Болат Әбіловтың сайлауға түсуіне кедергі бола ма?

Dalanews 16 қыр. 2022 12:41 748

Абиловпен арадағы сотқа қатысты Алматы қалалық сотының Қаулысы шықты, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот шешімдері енді заңды күшіне енді.

Алдыңғы жолы айтқам, сұрақтар болса жауап беремін деп, соларға қысқаша жауап берейін;

1. Неге іс орыс тілінде, интервью қазақша ғой?

- Интервью қазақ тілінде болғандығы себепті, менде шағымды қазақ тілінде бергем, бірақ ҚР ӘҚБтК-ның 744 бабы, 1 бөлігіне сәйкес, құқық бұзушы қай тілде жауап берсе, іс сол тілде жүреді. Абилов өзіне ыңғайлы орыс тілін таңдады.

 

2. Абилов президентікке кандидат ретінде түссе, бұл іс оған кедергі болмай ма?

- Жоқ, қолданыстағы Конституцияның 41 бабы, «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 4 бабында ондай шектеулер қарастырылмаған.


3. Бұл болашақта сөз бостандығына шектеу қоюға әкеп соқпай ма?

- Сөз бостандығы – ол сөз иесінің барлық жауапкершіліктен босатылуы дегенді білдірмейді. Жала жапқаны, адамның ар-ұжданы, абыройына тиіскені, мазақ қылғаны үшін жауапкершілік әлемнің барлық дамыған елдерінің заңдарында қарастырылған. Оған заманауи заңдарымыздың және демократияның бастауы деп танылған Француз Революциясынан бастап шыққан барлық ұлы еңбектер мен трактаттарды оқысаңыз да оңай көз жеткізесіз.

4. Енді Сізге тіл тигізген барлық адаммен осылай соттаса бересіз бе?

- Жоқ әрине, адамдар мінезіне байланысты жетекші және жетекке еруші болып екі типке бөлінеді (ведомые и ведущие). Жетекке еретіндер көпшілікті құрайды. Олар өздігінен ізденбейді, бас қатырмайды, белгілі тұлғалар басқалар туралы не айтса, соны сол қалпында қабылдайды. Сондықтанда ол типтегі адамдардың сөзін көңілге алып керегі жоқ.

Ал Болат Абилов болса – ол қоғамдық-саяси ортада пікір қалыптастыра алатын, жетекші рөлге ие адам.


Осындай тұлғалар көпшілікке қарата айтқан сөздеріне назар аударса, ел алдындағы жауапкершілігін сезінсе деген ой менікі. Екінші мақсатым – осындай сөзге қалған, ар-намысы тапталған азаматтар болса, желіде босқа сөз шығын қылмай, заң жүзінде өз құқықтарын қорғаса. Ол үшін әкімшілік, азаматтық, қылмыстық заңнамада қандай жауапкершілік түрлері қарастырылған, оларды қалай қолдануға болады, бәрін тәптіштеп жазып шықтым. Әр адам танысып, өзіне керегін пайдалануына болады.

​Бұдан басқа, мәнсіздеу, қыңыр-қисық сұрақтарда, әртүрлі пікірлерде болды, оларды жазып бұл жерді ұрыс алаңына айналдыру мақсатым жоқ. Сонымен бұл тема әзірге тәмам!

Желіде, қоғам арасында, әлеуметтік, саяси ортада бір-біріміздің арымызды таптамай, жеке басқа тиіспей мәдениетті түрде пікір таластырып үйренейік. Абайша айтқанда, сөз түзелмей, ел түзелмейтінін есте сақтайық!

Абзал Құспан


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар