Еліміздің беделді басылымдарының біріне Путиннің мақаласы жарияланды

Қаракөз Амантай 27 қар. 2024 09:54 67

Путин Қазақстанға кезекті мемлекеттік сапары аясында еліміздің беделді басылымдарының бірі —"Казахстанская правда" газетіне мақала жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мұнда ол екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы сөз қозғады.

"Мемлекетаралық байланыстың жоғары деңгейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірлескен жұмыс жылдарында қалыптасқан тығыз және мейірімді жеке қатынастар куәландырады. Біз үнемі қоңырау шалып, әртүрлі форматтарда кездесеміз. Екіжақты өзекті мәселелерді талқылап, күн тәртібінде тұрған өңірлік және жаһандық проблемалар туралы пікір алмасамыз, келешекке жаңа жоспарларды да белгілейміз. Ең бастысы — Қазақстан Президентімен әрқашан нақты нәтижеге бағдар қоямыз. Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының одан әрі сенімді дамуы, елдеріміздің өркендеуі, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету тұрғысында қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз", — дейді В. Путин.

Оның сөзінше, Ресей — Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі.

"Ынтымағы жарасқан Қазақстан мен Ресей — еуразиялық экономикалық интеграцияның белсенді жақтаушылары. Біздің мемлекеттеріміз Еуразиялық экономикалық одақ құрудың бастауында тұрды. Оның аясында біз тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, капиталдың ортақ нарығын дамытып отырмыз, реттеушілік және сауда кедергілерін жою бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеміз. Ортақ көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту ісін де қолға алдық. Мұның бәрі экономиканың түрлі салалары бойынша тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді және біздің елдерімізге елеулі пайда әкеледі", — деп жазды В. Путин.

Сонымен қатар ол екіжақты тауар айналымының көрсеткіштері көңілге сенім ұялататынын атап өтті. Мәселен, былтыр бұл салада жаңа рекорд орнап, 28 миллиард доллар деңгейінен асып түсті, ал биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 20 миллиард доллардан асты. Өзара сауда құрылымы үнемі әртараптанып келеді және қосылған құны жоғары шикізаттық емес өнімдердің үлесі көбеюде. Сонымен қатар, өзара есеп айырысудағы ұлттық валюталардың үлесі тұрақты түрде артып келеді. Бұл екі ел арасындағы алыс-берісті сыртқы, соның ішінде саяси жағдайлардың жағымсыз әсерінен қорғауға мүмкіндік береді

"Қазақстан экономикасына тартылған Ресей инвестициясы да жылдан-жылға өсіп жатыр. Бүгінде оның көлемі шамамен 13 миллиард долларға жетті. Қазақстанда ресейлік іскер топтардың қатысуымен 23 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Екі елдің компаниялары өнеркәсіптік кооперация мен жоғары технологиялар саласында бірқатар бірлескен ірі жобаларды іске асырып отыр. Соның арқасында экономиканы кешенді жаңғыртып, қос мемлекеттің технологиялық егемендігін нығайтуға ықпал ететін толық индустриялық циклдің жаңа өндірістері жолға қойылып жатыр", — дейді РФ Президенті.

Оның пайымынша, мұнай-газ секторындағы ынтымақтастық та сындарлы сипат алған. Каспий құбыр консорциумының арқасында Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80 пайыздан астамы Ресей аумағы мен ресейлік порттар арқылы Қара теңізбен шетел нарығына жеткізіліп отыр. Қос мемлекеттің энергетикалық компаниялары көмірсутек кен орындарын бірлесіп игеріп, энергия ресурстарын өңдеуді, құбыр жүйесін кеңейтуді жолға қоя білді.

"Атап айтқанда, „Росатом“ Қазақстанға ядролық отын тізбегінің жобаларын іске асырып, уран өнеркәсібін дамытуға тәжірибелік тұрғыдан көмек көрсетіп келеді. Мамандарының білім-білігі мен техникалық шешімдері әлемде теңдессіз саналатын аталмыш мемлекеттік корпорация Қазақстан тарабымен жаңа ауқымды жобаларды іске асыруға дайын. Балама, „таза“ энергетика саласы мен қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес бағыттарында да ынтымақтастықтың жарқын келешегі бар", — деді В. Путин.

Өзара экономикалық ынтымақтастықтың өзге бағыттарында да бірқатар перспективалы салалық жобалар мен бастамалар баршылық.

"Соның ішінде Қазақстан аумағы арқылы өтетін Солтүстік — Оңтүстік халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағын кеңейту жобасын, „Байқоңыр“ ғарыш айлағында ресейлік „Союз-5“ зымыран тасығышына негізделген „Бәйтерек“ ғарыштық зымыран кешенін құру жобасын ерекше атап өтер едім", — дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Ресейдің өңірлері де өзара тиімді кооперацияны нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Ресей Федерациясының барлық дерлік субъектілері Қазақстандағы серіктестерімен тікелей байланыс орнатқан: Бұл тұрғыда энергетика, өнеркәсіп, көлік және жоғары технологиялар саласындағы жобаларды бірге жүзеге асырып отыр.

"Дәл қазір Уфада 20-шы мерейтойлық өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр. Онда дәстүрлі түрде билік органдарының басшылары, заң шығарушылар, министрліктер мен ведомстволардың, бизнестің, ғылыми және қоғамдық ортаның өкілдері, яғни іс жүзінде екіжақты қатынастарды дамыту мәселелерімен айналысатын барлық адамдар бас қосады. Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен форум қатысушыларына бейнебайланыс бойынша үндеу жолдауды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының ауқымды бағдарламасы әзірленді. Бұл бағдарлама Ресей мен Қазақстан өңірлерінің әрі қарай әлеуметтік-экономикалық өсуіне, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қолайлы жағдай жасауға бағытталған 150-ге жуық бірлескен іс-шара мен жобаларды қамтиды", — деді ол.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар