Тамыз айының қорытындысы бойынша төлем карталарын пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз атқарылған транзакциялардың көлемі мен саны артқан. Мамандар мұның жағымды құбылыс екенін айтады,өйткені ол қаржылық ашықтықты қамтамасыз ете түседі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2024 жылдың тамыз айында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана жүргізілген транзакциялар көлемі 17,7 трлн теңгеге жетіп, ал саны 1,2 млрд транзакцияны құрады. 2023 жылдың осындай сәйкес кезеңімен салыстырғанда қолма-қол ақшасыз транзакциялар саны 14,8%-ға өсіп, көлемі 19,7%-ға артты, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.
"Төлем карточкаларын ұстаушылардың қолма-қол ақшаны алу операцияларының саны 20,7 млн бірлікті, көлемі 2,3 трлн теңгені құрады. 2023 жылдың осындай уақыт аралығымен салыстырғанда ақша шешу операцияларының саны 1,9%-ға түсіп, көлемі 10,6%-ға артты", делінген ҚР Ұлттық банктің хабарламасында.
Айта кетсек, 2024 жылы қаңтар-тамыз айларында қолма-қол ақшасыз операциялар саны 8,2 млрд-тан асты немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (7,2 млрд) 13,82% -ға артық. Сонымен қатар, қарастырылып отырған кезеңде қолма-қол ақша бойынша операциялар саны да өскен: 2024 жылы қаңтар-тамыз айларында - 163 млн транзакция, ал 2023 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 159,3 млн транзакцияны құраған болатын,бұл арадағы өсім - 2,3%.
ҚР Ұлттық банктің мәліметінше, ел аумағында қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі үлесі интернет/мобильді банкинг (қолма-қол жасалмайтын операциялардың жалпы саны, көлемінен сәйкесінше 80,3% және 90,3%) және POS-терминалдар (қолма-қол жасалмайтын операциялардың жалпы саны, көлемінен сәйкесінше 19,6% және 9,4%) арқылы жүргізілді.
"Қолма-қол ақшаны беру операциялары негізінен банкоматтар арқылы жүзеге асырылған (қолма-қол ақшаны беру бойынша операциялардың жалпы саны мен көлемінен сәйкесінше 98,3% және 85,2%)", делінген хабарламада.
Айта кетсек, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктердің айналымдағы карточкаларының саны 79,0 млн-ға жетті. Кеңінен таралған карточкалар түрі дебеттік карточкалар болып табылады, олардың үлесі -80,0%, екінші орындағы кредиттік карточкалардың үлесі – 15,8%. Кредиттік лимиті бар дебеттік карточкалар мен алдын ала ақысы төленген карточкалардың үлесіне сәйкесінше 4,2% тиесілі.