"Ұят-такси": Жаңа адамдардың қоғамды дүр сілкіндірген әлеуметтік тәжірибесі

Көркем Алдабергенова 24 қыр. 2024 20:54 2294

Қазақстандағы таксиде қыз-келіншектердің қандай қиындықтарға тап болатыны бәрімізге белгілі: орынсыз әзілдер, танысу ұсыныстары, кейде тіпті қолмен ұстап қалуға дейін барады. Бұл көптен бері жасырын, айтылмай келген мәселе еді, - деп хабарлайды Dalanews.kz. 

«Жаңа адамдар» қозғалысының «TUMAR» тобы мәселенің қаншалықты ушығып тұрғанын анықтауға шешім қабылдады.

Нәтижесі: жағдай өте ауыр. Бірінші күні жүргізілген 7 сапардың бәрінде қыздарға орынсыз сөздер айтылып, жабысулар болған. Екінші күні де жағдай оңалмады: төрт сапардың үшеуінде қыздарға қырындаулар жасалды. Соның ішінде бір оқиға тіпті төтенше жағдайға айналды... (Видеосы осы тұста). 

Такси жүргізушісі есіктерді жауып, жолаушыны басқа жаққа алып кеткен.

Осы кезде көлікті бақылап жүрген «TUMAR» жобасының белсенділері жағдайды бақылауға алып, таксиды тоқтатуға әрекет жасайды. Бірақ жүргізуші қашуға тырысып, кішкене қуғынға түседі. Абырой болғанда, жолаушы құтқарылды.

Такси жүргізушісі – 1995 жылы туған Ерболат Аманжолұлы.

Сырттай қарасаң, ешбір оғаштығы жоқ, қарапайым адам сияқты. Бірақ камераға түсіп қалған әрекеттері бәрін көрсетіп тұр: қызға орынсыз сөздер айтып, тіпті қол тигізуге тырысқан.

Бұл жағдайға пікір айтудың қажеті де жоқ...

Қуғын кезінде жүргізушінің көлік нөмірі түсіп қалған, осы арқылы оның кім екені анықталды. «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері бұл оқиға бойынша полицияға арыз жазып, істі заңды түрде шешуді талап етті.

Ал әлгі жүргізуші өз нөмірін қайтарып алғысы келсе, Алматыдағы қозғалыс кеңсесіне келіп, алып кете алады. Бірақ оған батылы жете ме екен?

Әлеуметтік тәжірибенің мақсаты қандай?

«TUMAR» қозғалысының белсендісі Слемғали Шакизады қыз-келіншектерге үндеу тастайды:

«Зорлық-зомбылықты, қудалауды жасырмай, ашық айту керек. Сіздердің бастарыңыздан өткен жағдайлар туралы бөлісіңіздер, #tumarsafetaxi хэштегімен әлеуметтік желілерде жазба қалдырыңыздар. Қоғамға қауіпті жүргізушілердің аттарын, көлік нөмірлерін жария ету керек. Олар жұрттың алдында масқара болудан қорқады. Сондықтан біз оларды бүкіл елге көрсетуіміз керек. Қазақстан оларды тануы тиіс!»


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар