Соңғы кездері күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – елімізде бейбіт атом электр стансасын салу. Болашақта кездесетін энергетика тапшылығын жоюдың бірден-бір жолы саналатын бұл жоба туралы ел ішінде түрлі пікір айтылуда. Қалай десек те, алдағы 6-қазан күні жалпыхалықтық референдум өтіп, бұл тақырыптың нүктесін өзіміз – халық қоятын болады. Ал әлгі дүдәмал сауалдарды біз белгілі сарапшы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбенге қойып көрдік.
- АЭС құрылысына қатысты қазіргі қоғамның пікірі екіге айырылып тұр. Алайда, әлемнің дамыған елдері мұндай энергетика көзінің игілігін көріп отырғанын білеміз. Мұнайдың үстінде отырған, баламалы энергия көзі тақырыбында ЭКСПО көрмесін өткізіп, осы бағытта талай шаруаны атқарып үлгерген Қазақстанға тап бүгін мұндай ауқымды жоба қажет пе? Сіздің пайымыңыз қандай?
- АЭС-тің салынуы Қазақстан энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін дамытпайды деген сөз емес. Біздің еліміз 2050 жылға қарай барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысын баламалы энергия көздеріне ауыстыруды жоспарлап отыр, ал халықаралық деңгейде 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткіземіз деп міндеттеме алдық. Екі мақсат та оңай шаруа емес, көп жұмысты талап ететін өте күрделі мәселелер.
Сонымен қатар, мемлекет көмір және басқа да қазба отынмен жұмыс істейтін энергетикалық нысандарды көміртегі шығарындыларының деңгейін төмендететін заманауи технологияларға көшіреді немесе экологиялық талаптарға сай жаңа нысандар салады.
Атап өтетін тағы бір жәйт, Қазақстан жалпы ішкі өнім бірлігіне келетін парниктік газдар шығарындылары бойынша әлемде алғашқы орындарда тұр. Атом энергиясы əлем бойынша таза жасыл энергия көзі ретінде танылып отырғанын ескерсек, АЭС құрылысы жоғарыда айтылған мақсаттарға жетуге көмектесетіні сөзсіз.
Одан басқа, энергия көздерін әртараптандыру Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті позициясын арттырады, ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтады, өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларын дамыту үшін негіз жасайды, сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысына қатысты халықтық референдум өткізуді 6 қазанға бекіткенін білеміз. Таяуда еліміздегі зерттеу институттарының бірі қазақстандықтардың 60 пайызы референдумда дауыс беруге әзір деген ақпарат таратты. Осы науқаннан қандай нәтиже күтесіз?
- «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңға сәйкес, ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғы құрылысы жоспарланған жергілікті өкілді органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Алайда, АЭС салу жобасы қоғамда қызу пікірталас тудырғанын ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені жалпыұлттық референдумға шығару туралы шешім қабылдады. Сөйтіп ол 2019 жылы берген уәдесінде тұрды. Сол кезде Мемлекет басшысы АЭС құрылысы күн тәртібіне енген жағдайда міндетті түрде халықпен ақылдасатынын, тіпті қажет болса бұл «өте жауапты, өзекті мәселе» бойынша референдум өткізетінін айтқан болатын.
Әзірше референдум қандай нәтижемен аяқталатыны туралы пайымдау ерте деп есептеймін. Билік үшін халықтың оған деген сенім деңгейін көрсететін ең маңызды мәселе – сайлаушылардың қатысу пайызы. Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың (12,2 миллион адам) жартысынан көбісi дауыс беруге қатысса, референдум өткiзiлген деп саналады.
Егер қойылған сұраққа қатысқан азаматтардың жартысынан астамы «иә» деп жауап берсе, Қазақстанда АЭС салуға жол ашылады.
Қалай болғанда да, референдумның өткізілуі Қазақстан басшылығының маңызды шешімдерді қоғам пікірін ескере отырып, демократиялық үдеріс арқылы қабылдауға ұмтылуының белгісі.
- АЭС төңірегіндегі тағы бір сауал – «Құрылысты қай мемлекеттің мамандары жүргізеді?» дегенге саяды. Осы орайда, Оңтүстік Корея, Ресей, Жапония сияқты елдердің аталғаны аян. Бұл орайда, Түркияда жүргізіліп жатқан станса құрылысын көршілеріміздің салып жатқаны айтылады. Оны біздің біраз журналистеріміз, ғалымдарымыз көздерімен көріп келді, қателеспесем.
Сарапшы ретінде Қазақстандағы маңызды жобаны қай мемлекеттің мамандары қолға алғанын қалайсыз?
- Бүгінде АЭС-ті қай елдің компаниясы салады деген сұраққа жауап беру тым ерте. Алдағы референдумда ел азаматтарының басым бөлігі АЭС құрылысын қолдап дауыс берсе, уәкілетті орган еліміз үшін барынша оңтайлы және тиімді шешім қабылдайтыны анық.
Мердігерді таңдағанда сан-алуан аспектілер ескерілетін болады, соның ішінде техникалық сипаттамалар, қауіпсіздік деңгейі, қаржыландыру шарттары, экономикалық тиімділігі, қоршаған ортаға әсері және тағы басқалар. Ең бастысы – бұл шешім ұлттық мүдделердің басымдығы мен прагматизм қағидасына негізделуі тиіс.
- Атом электр стансасының пайдасы жөнінде түрлі пікір айтылып жатыр. Қайсысын құптайсыз, алып-қосарыңыз бар ма?
- Халқымыз Қазақстанды болашаққа ұмтылған ел ретінде қарастырса, негізсіз үрей мен фобияға берілмеу керек. Қазіргі таңда электр қуатының тапшылығы бізді энергияны шетелден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрлеп, көршілес елдерге тәуелді етіп келеді, ал бейбіт атом энергетикасының әлеуетін пайдалану Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
Елімізде адам саны өсіп, жаңа өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық нысандары пайда болуда, көлік-коммуникация инфрақұрылымы кеңейіп жатыр. Экономикамыз электр қуатымен тұрақты және жеткілікті түрде қамтамасыз етілмесе, дағдарысқа ұшырауымыз әбден мүмкін.
Ал АЭС-ті басқа қуат көздерімен сауатты түрде үйлестіру энергия тапшылығы мәселесін шешудің тиімді жолдарының бірі болып табылады. Сонымен қатар АЭС жобасын іске асыру арқылы қосылған құны жоғары ядролық өнімдерді өндіруге және ядролық медицина сияқты салалардағы зерттеулер мен инновацияларды дамытуға мүмкіндік туғызады.
- Әңгімеңізге рахмет!