Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев үкімет кулуарында Қазақстанда АЭС құрылысы қалай жүргізілетінін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, заманауи станциялар барлық қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталған.
"Бұл барлық қажетті физикалық қорғаныс құралдарымен - энергетикалық, радиологиялық, ең аз шығарындылары бар, шығарындыларды бақылаудың үш еселенген деңгейімен және қандай да бір пайдалану операцияларын жүзеге асыру рәсімдерімен жабдықталған экологиялық қауіпсіз объектілер", - деді Энергетика министрі.
Сонымен қатар, журналистер Сәтқалиевтен "АЭС орналасқан аймаққа көшуге дайынсыз ба?" деп сұрады.
Министр құрылыс барысын қадағалап отыру үшін іссапарларға жиі баруына тура келетінін айтты.
"Ол жерге жиі баруды жоспарлап отырмын. Электр энергиясының тапшылығын жабу бойынша ұсынылған шешім үшін жауапкершілікке сүйене отырып, мен осындай ұзақ іссапарларға баруға дайынмын", - дейді министр.
Ал Роман Скляр АЭС құрылысымен консорциум айналысуы мүмкін екенін айтты. Ал Ресейдің құрылысқа араласуы не араласпауын анықтау үшін санкциялық тәуекелдер ескеріледі.
Бұған дейін Роман Скляр Қазақстан АЭС салуға қажетті технологиялар мен мердігерлерді 2025 жылы таңдайтынын айтқан болатын.
Ол келесі жылы жобамен айналысатын консорциумға қатысушыларына қатысты, сондай-ақ жобалық құжаттаманы әзірлеу және мердігерлерді таңдау бойынша мәселелер айқындалып қалатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта халықаралық компаниялар жобаның техникалық-экономикалық негіздемесімен жұмыс істеуде, бұл шамамен бір жыл уақытты алады. Осыдан кейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталады, ол тағы 1,5 жылға созылады, содан кейін ғана құрылыс жұмыстары басталады.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық серіктестермен бірлесіп атом электр станциясын салу идеясын қолдаған болатын.