Қазақстанда соңғы жылдары жұмыссыздық деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Егер 2011 жылдың бірінші тоқсанында елдегі жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыз болса, 2026 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4,5 пайызға дейін төмендеген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қалалық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 5,9 пайыздан 4,5 пайызға дейін азайса, ауылдық жерлерде 5,1 пайыздан 4,6 пайызға түскен. Бұл еңбек нарығындағы жағдайдың біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсетеді, деп жазады energyprom.kz. Алайда ел бойынша орташа көрсеткіштерге қарамастан, кейбір өңірлерде мәселе өзекті күйінде қалып отыр.
Маңғыстау жұмыссыздық бойынша антилидер атанды
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысындағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Өңірде ресми түрде 20 мың жұмыссыз адам тіркелген.
Салыстыру үшін айтсақ, Атырау және Павлодар облыстарында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болса, елдің көптеген өңірлерінде бұл көрсеткіш 4,6 пайыздан аспайды. Ал ең төменгі деңгей Қарағанды облысында тіркелген – 4 пайыз.
Әйелдер арасындағы жұмыссыздық ең жоғары деңгейге жеткен
Маңғыстау облысындағы ең өткір мәселе – әйелдердің жұмыспен қамтылуы. Өңірде ер адамдар арасындағы жұмыссыздық деңгейі небәрі 2 пайыз болса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 8,4 пайызға жеткен. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіш. Республика бойынша әйелдер арасындағы орташа жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды.
Осылайша Маңғыстаудағы ерлер мен әйелдер арасындағы жұмыссыздық айырмасы 6,4 пайыздық тармаққа жетіп отыр. Мұндай үлкен алшақтық Қазақстанның басқа бірде-бір өңірінде байқалмайды.
Жұмыссыздардың жартысына жуығы үй шаруасымен айналысады
Өңірдегі жұмыссыздық құрылымы да еңбек нарығындағы күрделі мәселелерді көрсетеді. 20 мың жұмыссыз тұрғынның шамамен 6,9 мыңы жұмыс істемеуінің негізгі себебі ретінде үй шаруашылығын жүргізуді атаған. Тағы 3 мың адам жұмыссыздықты отбасылық және жеке жағдайлармен байланыстырған. Осылайша өңірдегі жұмыссыздардың жартысына жуығы жұмыссыз қалу себебі ретінде үй шаруасы мен отбасылық жағдайларды көрсеткен.
Сарапшылардың пікірінше, бұл ең алдымен әйелдердің еңбек нарығына толыққанды араласуына кедергі келтіретін әлеуметтік мәселелердің бар екенін аңғартады.
Вакансия тапшы
Маңғыстауда жұмыс табудың қиындығын бос жұмыс орындарының аздығы да көрсетеді. Enbek порталының мәліметінше, биылғы маусым айында облыс бойынша небәрі 658 вакансия жарияланған. Бұл елдегі барлық бос жұмыс орындарының 1,2 пайызы ғана.
Қазақстан бойынша вакансия саны бұдан төмен көрсеткіш тек Қызылорда облысында тіркелген.
Салыстыру үшін:
Қарағанды облысында – 2,8 мың вакансия;
Шығыс Қазақстан облысында – 2,6 мың вакансия;
Қостанай облысында – 2,2 мың вакансия жарияланған.
Мұнайлы өңірде мұнай саласына жұмыс аз
Вакансиялардың құрылымы да өңір экономикасының әртараптандырылуы әлсіз екенін көрсетеді.
Ең көп бос жұмыс орындары білім беру саласында тіркелген – 93 вакансия.
Одан кейін:
медицина және фармацевтика – 77;
біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар – 52;
өндіріс саласы – 39;
қаржы және бухгалтерия – 30;
мемлекеттік сектор – 26;
көлік және логистика – 24 вакансия.
Ал Маңғыстау экономикасының негізгі тірегі саналатын мұнай-газ саласында бар болғаны 20 вакансия ғана ұсынылған. IT және телекоммуникация саласында 6 бос орын болса, құқық және туризм салаларында үш-үш вакансиядан ғана тіркелген.
Жұмыс берушілердің белсенділігі төмен
HeadHunter платформасының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Ақтау қаласының үлесіне Қазақстандағы барлық вакансиялардың тек 1,5 пайызы ғана келген. Бір жыл ішінде өңірдегі бос жұмыс орындарының саны 10,9 пайызға қысқарған. Алматы қаласының үлесіне елдегі барлық вакансиялардың 40 пайызы тиесілі болса, Астана – 22,7 пайызды, Қарағанды қаласы 5 пайыздан астам үлесті иеленген.
Бұл Маңғыстау облысында жаңа жұмыс орындарының аз құрылып жатқанын және жұмыс берушілер белсенділігінің төмен екенін көрсетеді.
Мұнайлы өңірдегі шешілмеген мәселе
Сарапшылар Маңғыстау облысының жоғары экономикалық әлеуетіне, ірі мұнай-газ жобаларына және өңірге тартылатын қомақты инвестицияларға қарамастан, жұмыссыздық мәселесі жылдар бойы өзекті болып отырғанына назар аударады. Әсіресе әйелдер арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші республикадағы ең жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл қолданыстағы жұмыспен қамту бағдарламалары мен экономиканы әртараптандыру шаралары әзірге күткен нәтижені толық бере алмай отырғанын көрсетеді.