Субсидияға бөлінген миллиондаған теңге желге ұшқан: Түркістан облысында заңсыздық әшкере болды

Субсидияға бөлінген миллиондаған теңге желге ұшқан: Түркістан облысында заңсыздық әшкере болды
ҚМА

ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті мемлекеттік субсидияларды жымқырды деген күдікке ілінген қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес заңсыз схеманы іске асыру үшін үшінші тұлғалардың атына ресми түрде тіркелген 4 жеке кәсіпкерлік, "Нұр-Келес" ЖШС және "Бимен С." ЖШС пайдаланылған. Бұл кәсіпкерлік нысандарын күдіктілер өздеріне берілген электрон цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарын басқаруға құқық беретін нотариалды сенімхаттар арқылы бақылауда ұстаған.

Кәсіпкерлік нысандар арқылы ақпараттық жүйелерге мал сатып алу, олар қолда бары, сондай-ақ, мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жүргізілгені туралы көрінеу жалған мәлімет енгізілген. Кейін осы мәлімет негізінде субсидия алуға электрон өтініш берілген. Бюджеттен алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке мақсатқа жұмсалған.

Келтірілген залалдың жалпы көлемі - 103 млн теңге. Соның салдарынан бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалған.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 2 тұрғын үй, 4 көлік, автотұрақ орны және жер телімі бар. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.