Алты елдің арнайы қызмет басшылары Бурабайда кездесті

Алты елдің арнайы қызмет басшылары Бурабайда кездесті

14 қыркүйекте Бурабайда Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның арнайы қызмет басшыларының кездесуі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жиынға Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Әзербайжанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, Қырғызстан мен Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеттері, Түрікменстанның Ұлттық қауіпсіздік министрлігі және Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшылары қатысты.

Кездесу барысында тараптар өңірдегі қауіпсіздік ахуалына қатысты пікір алмасып, қазіргі сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, терроризмге қарсы күрес, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымына тосқауыл қою, сондай-ақ трансұлттық қылмыстың алдын алу бағыттарына баса назар аударылды.

Арнайы қызмет өкілдері қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңызын атап өтті.

Кездесу қорытындысында тараптар өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.