Қазақстанда оқырман мәдениетін дамытуға бағытталған «Кітап оқып, тұлға болам» жобасы екі жылдық үзілістен кейін қайта қолға алынды. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және осы уақыт ішінде мыңдаған қазақстандықты кітап оқуға ынталандырған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жобаның таныстырылымына кәсіпкер, меценат, SAN tyres компаниясының басшысы Сырымбек Тау, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Құспан Роллан Қабылұлы қатысты.
Жоба ұйымдастырушысы Бақдәулет Досмұхаммедұлының мәліметінше, 2022 жылы іс-шара аясында 126 мың адам кітап оқып, қорытынды кезеңде жеңімпаз Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер иеленген. Кейін түрлі себепке байланысты жоба екі жылға тоқтап қалған. Биыл бастама қайта жанданып, жаңа форматта жалғасты.
Жоба үш айға жоспарланған. Әр айда қатысушылар бір кітаптан оқиды. Барлық кітап электронды форматта тегін ұсынылады. Әр кезең аяқталған соң қатысушылар 100 сұрақтан тұратын онлайн тест тапсырады. Тест айдың соңғы күні сағат 20:00-де басталып, 16 минут ішінде орындалады. 40 ұпайдан жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар жүлделер ұтып алуға мүмкіндік алады.
Жобаға қатысу тегін.
Алғашқы кезең наурыз айында өтті. Қатысушылар “Дала данышпаны – Майқы би” кітабын оқыды. Бұл кезеңге 52 713 адам тіркелген. Оның ішінде шамамен 46 мың адам кітапты онлайн түрде жүктеп алып оқыған. Тест нәтижесінде 17 мың адам 40 ұпайдан жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Сәуір айында өткен екінші кезеңде қатысушылар Тахауи Ахтановтың “Түнде атылған оқ” шығармасын оқыды. Кітапты 26 мың адам жүктеп алған. Тест қорытындысы бойынша 19 қатысушы 100 ұпай жинаса, 467 адам 90 ұпайдан жоғары нәтиже көрсеткен. Ал 3450 адам 40 пен 90 ұпай аралығында балл жинаған.
Үшінші кезең мамыр айында ұйымдастырылып, оқырмандар Оралхан Бөкейдің “Атау кере” шығармасын оқыды. Бұл кезеңде 4071 адам тест тапсырған. Оның ішінде 1723 қатысушы 40 ұпайдан жоғары нәтиже көрсетсе, 663 адам 80 ұпайдан асқан. Сондай-ақ 1016 адам тестті белгіленген уақыт ішінде аяқтаған.
Жоба аясында ұйымдастыру алқасы жалпы көлемі 35 миллион теңге болатын жүлде қорын бөлген. Қатысушыларға 10 мың теңгеден бастап 5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтар табысталды. Жалпы саны 100-ден астам жеңімпаз марапатталды.

Финал қорытындысы бойынша бірінші орынды Қанатқызы Асия иеленіп, 2 миллион теңге ұтып алды. Екінші орын алған Кенжетаев Нұрсұлтанға 1 миллион теңге берілсе, үшінші орын иегері Ринатұлы Сұлтанәли 500 мың теңгеге ие болды.
Төртінші орын алған Амангелді Шұғылаға 300 мың теңге, бесінші орын иегері Хаметова Айгерімге 200 мың теңге табысталды.
Алтыншы орыннан оныншы орынға дейінгі қатысушылар — Сабденбек Мақсат, Губайдуллина Жібек, Абилхан Ерболат, Бердешев Азат және Ринат Ахмат 100 мың теңгеден сыйақы алды.
Сонымен қатар арнайы кездейсоқ таңдау (рандом) нәтижесі бойынша да жеңімпаздар анықталды. Бас жүлде — 5 миллион теңге Қаскелең қаласының тұрғыны Болатқызы Нұрзадаға бұйырды. Жетісу облысының тұрғыны Қаламқас Нұрғазықызы 2,5 миллион теңге иеленсе, астаналық Досымжанов Айдос 1 миллион теңге ұтып алды.
Сондай-ақ Құралай Сәрсенбаева, Жазира Оңғарбаева, Қызырбек Қарлығаш, Ұзақова Айгерім Қайратовна, Мәлік Маулытхан, Қанатқызы Асия және Шыныбаев Дидар 100 мың теңгелік ақшалай жүлделерге ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – еліміздегі кітап оқитын азаматтардың санын арттырып, қатысушылар қатарын 1 миллион оқырманға жеткізу.