Волонтерлік қозғалыс қалай дамыды?
Міне, сол екі жылдай әрі-сәрі күй кешірген пандемия кезеңі біздің мемлекетке де волонтерлар қозғалысын дамыту қажет екенін ұқтырды. Осы бағыттағы жұмыс Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі міндеттерінің біріне айналғаны да, бекер емес.
Жалпы, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, тірлігі тұралағанға асарлатып көмек беріп, жылу жинап жататын қазақ халқына еріктілердің ісі таңсық емес. Тек қазір ел болып, жиылып көрсететін қолдау-көмектің бұл түріне арнайы атау бергені болмаса.
Ал әлемде көмек көрсетудің қоғамдық сипаты 1600 жылы волонтерлік атау алып, арнайы қозғалыс ретінде бағаланада бастады. Сол шақта соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды еріктілер атаған. Кейін ерікті көмектің ауқымы кеңейіп, қоғамның кез келген саласындағы көптің күшін қажет ететін жұмыстарға көмек берушілер волонтерлер деп ресми аталатын болды.
ХХ ғасырдың басында Еуропада волонтерлік қозғалысты дамытудың қажеттілігі артты. 1920 жылы Англия, Германия жəне Швецияның еріктілер Вердуна жанындағы ауылды қайта қалпына келтіруге атсалысты. Соғыстан қираған елді мекенді қалпына келтіруге бағытталған бастама қозғалыс ретінде бағаланып Service Civil International деген атауға ие болды.
1934 жылы S.C.I. төрт еуропалық волонтер Үндістандағы кедейлерге көмектесуге аттанды. Олар British Volunteer Programme, US Peace Corps, Deutsche Entwiklungsdienst секілді ұйымның бастамашылары еді.
Жас волонтерлердің екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Варшава орталығын қайта соғу, Батыс Еуропадағы қираған қалаларды қайта қалпына келтіру, Югославиядағы Bratsvo-Edinstvo көлік магистралін құру жұмыстарына қатысқаны тарихтан белгілі.
Еріктілердің ерікті ісі бірнеше елді біріктіріп, халықаралық деңгейге көтерілген кезі – 1970 жыл. Осы шақта БҰҰ жанынан «Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлері» деген атаумен халықаралық ұйым құрылғаны тарихтан мәлім. Осылайша өзінің бар екенін әлемге әйгілеген ұйым құрылған 5 желтоқсанда Халықаралық волонтерлер күні ретінде аталып өте бастады.
Қазақстан 1991 жылы халықаралық ұйымдарға, БҰҰ-ға мүше болған соң Еріктілер қозғалысы бағдарламасын қабылдады. Ал Волонтерлік қызмет туралы заң 2016 жылы шықты. Бұл еріктілер қозғалысының кең қанат жаюуына септігін тигізді. Қазір мұндай ұйымдардың саны 200-ге жетті. Олар бүгінде ірі қалалар мен ауылдарда қайырымдылық іс-шаралардың басы-қасында жүр.
Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, мемлекетіміздегі еріктілер ұйымдарының қызметі көбінде әлеуметтік мәселерге, жануарларға қамқорлық көрсетуге бағытталған. Үлкен іс-шаралар кезінде де солар жұмылдырылады. Ұлттық бағыттағы волонтерлік қызмет те кең қанат жайып келеді.
«Мейірімді Жетісу» еріктілерінің ерікті ісі
Дерекке сүйенсек, Алматы облысы бойынша 97 волонтерлік ұйым мен 8300 волонтер ресми тіркелген екен. Соның ішінде 90-нан астам ұйым әлеуметтік бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, қарт адамдарға, әлеуметтік жағдайы төмен, сондай-ақ аз қамтылған мұқтаж отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен көмір таратып, көмек көрсетіп жүр. Соның бірі – «Мейірімді Жетісу» еріктілері.
Бұл ұйымның фронт-кеңсесінің волонтерлері биыл қаңтар айында енгізілген төтенше жағдай кезінде елге белсенді қызмет көрсетті. Олардың жұмысының қарқын алғаны да осы кез. Сол қаңтардан бері «Мейірімді Жетісу» 473 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға, ардагерлер мен жалғызбасты қарттарға гуманитарлық көмек көрсетіпті.
«Мейірімді Жетісу» фронт-офисінің қаңтардан бастап, кейін де облыс орталығының көшелерін тазартушы коммуналды қызметкерлерге арнаған «Кел, шәй ішейік» атты қайырымдылық акциясы қоғамға үлкен серпіліс бергенін айта кету керек. Мәселе еріктілердің таратқан ыстық шәй және бәліштер де емес. Бұл бастама ерікті түрде қарапайым еңбек адамының жасап жүрген қызметін бағалауға шақыруымен құнды еді.
Бастамашылдықпен көзге түскен волонтерлер ұйымының бірі – «Green help» командасы. Бұл топ «Birgemiz: Ayala» жобасын жүзеге асыруды қолға алуда.
«Birgemiz: Ayala» жобасы
«Birgemiz: Ayala» жобасына «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдау көрсетуде. Мақсат – қоғамда екіұдай көзқарас қалыптастырған қараусыз қалған үй жануарларын қорғау.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, қаңғыбас жануарларға қорғауға арналған іс-шаралараға жылына 2000 волонтер өз үлестерін қосады екен. Олардың жартысынан көбі жастар болса, бұл істе тәжірибесі барлары 50-ге жуық.
Еріктілер жыл сайын жүзге жуық жануарды құтқаруды көздейді. Осы мақсатта олар тиісті ұйымдармен кемінде бес меморандум жасасқан. Мұндай волонтерлік бастамаларды іске асыруға жыл сайын 30 шағын грант бөлінетін көрінеді. Волонтерлер мұнымен шектелмей, үйсіз жануарлардың мәселесін шешу үшін түрлі акциялар ұйымдастырып отырады.
Жалпы бүгінде волонтерлік бастамаларға мемлекеттік органдар қолдау көрсете бастағаны белгілі. Осы жылы Алматыда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген волонтерлік ұйымдардың конгресі өтуі – соның көрінісі.
Конгресте әр өңірден келген еріктілер ұйымдары «Birgemiz» жобасы аясындағы әріптестікті, ортақ жоспарларды және өзара ынтымақтастығымызды талқылады. Алдағы жоспарларымен бөлісті. Түрлі бағытта жұмыс істейтін белсенділер бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетуге уағдаласты.
Жалпы еріктілердің белгілі бір бастаманың төңірегінде топтасуының өзі мейірімділік пен қайырымдылықтан туындайды емес пе?! Дегенмен, айналасына қайырымы бар жанның қолдауға мұқтаж жанға көмектессем деген ниетінің бары жеткіліксіз.
Өйткені заман өзгерді. Көзқарастар басқа. Кей кездерде қайырлы ісіңнің арғы жағында ізгі ниеттің ғана жатқанын сөзбен айту жеткіліксіз. Ондай жағдайда бұл волонтерлік көмек екенін дәлелдейтін құжаттың, оның заң шеңберінде іске асыруға болатынын көрсететін құқықтық жүйе қалыптасқанын айтуға тура келетін сәттер кездесіп қалып жатады. Мұндай шақта сізге белгілі бір біліктілік, өмірлік тәжірибе қажет екенін түсінесіз. Сол үшін волонтерлік қызметпен айналысуға мүмкіндік беретін заңды білу керек.
Қайырымдылық істерді де қорғайтын құқықтық жүйе қажет
Сонымен 2016 жылы волонтерлік қызмет туралы заң қабылданды. Бұл құжат 4 тарау, 19 баптан тұрады. Волонтерлік қызметтің мақсаты заңдық тұрғыда осылайша айқындалып, жүзеге асыратын міндеттер белгіленді.
Елдегі еріктілердің қызметі мен түрлері заңнамалық тұрғыда қорғалуы оның қызметін жаңа деңгейге көтергенін айтуымыз керек. Бұл өз кезегінде волонтерлік қызметтің барлық өңірде тың серпінмен дамуына ықпал етті.
Ал нәтижесі қандай дейсіз бе?! Айталық, Астана қаласында соңғы 10 жылда волонтерлік қозғалыс қарқын алды. Ай сайын волонтерлік қозғалысқа қатысатын жастардың қатары 30-40 мыңға жетті. Бейресми статистикаға сүйенсек, белсенді 5 мың волонтер аптасына 2-3 іс-шараға қатысады екен.
Елордалық еріктілер ұйымдарының ішінде экологиялық бағытта қызмет көрсететіндері де бар. Олар тазалықты сақтауға, ағаш отырғызуға белсенді қатысатын топтар. Сондай-ақ салауатты өмір сүру бағытында да қызмет ететін қозғалыстар жетерлік.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде тіркелген дерекке сүйенсек, Жамбыл облысында 13 волонтерлік ұйым бар. Ал оның құрамында 12,1 мыңға жуық еріктісі бар. Топтар саны – 154. Олар жылына шамамен 800-ге жуық түрлі волонтерлік акция мен іс-шаралар ұйымдастырады екен.
Министрлік волонтерлік қызметті қолдау үшін Ұлттық волонтерлік желісімен бірлесіп, әрбір өңірде «BIRGEMIZ» волонтерлердің фронт-офистерін құрғаны белгілі. Бұл офистер еріктілер ұйымдарына тиісті гранттық қаржыландыру көздері арқылы тиісті қаржыны ұтып алып, оны іске жаратудың жолын көрсетіп отыр. Соның арқасында өңірлерде волонтерлік бойынша гранттарға облыстық қаржыландыру 12 миллион теңгеге жеткен.
Бұл жобаның аудиториясы кеңейе бастағанын Жамбыл өңіріндені Мойынқұм ауданында да волонтерлердің фронт-офисі белсенді жұмыс істеп жатқанынан аңғаруға болады. Соның нәтижесінде шалғай ауданда 6 ұйым тіркеліп, қазір тұрақты негізде 299 белсенді волонтер жұмыс жүргізуде. Биылдың өзінде аудан волонтерлері «Қамқорлық» акциясы аясында ауданның елді мекендерінде 10 аз қамтылған отбасы үшін қайырымдылық көмек көрсеткен.
Қозғалысты дамытудың жеті бағыты
Жалпы елде волонтерлікті дамытудың жеті бағыты айқындалған. Атап айтсақ, білім беру, медициналық, экологиялық волонтерлік, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға тәлімгерлік, техногендік апаттарды, төтенше жағдайларды жою кезіндегі еріктілік, қарт адамдарға, арнайы күтім көрсетілетін мекемелерде жүрген адамдарға, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсету, сондай-ақ рухани-мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау бойынша көрсетілетін еріктілердің қолдау-көмегі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, елдегі волонтерлік қызметтің қажеттігі айқындалғаны – карантин талаптары күшейген және төтенше жағдай енгізілген кезеңдер. Бұған дейін халықаралық маңызы бар рухани-мәдени, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу кезінде ғана көпшілік еріктілердің күш-жігерінің қаншалықты маңызды екенін көріп келсе, бұл шақтарда жұрт шын мәнісінде олардың қолдау-көмегін айқын сезінді.
Міне, осыдан кейін волонтерлердің жұмыс жүйесін дамыту үшін «Event-волонтерлік» жобасы қабылданды. Осы жоба шеңберінде еріктілердің қызметін үйлестіруге әдістемелік-құқықтық кеңес беру мәселесі шешімін тауып, оқыту курстары ұйымдастырылды.
Мұндай әдістемелік тренингтер жүйесін Ұлттық волонтерлік желісі де қолға алып, Qazvolunteers.kz платформасы құрған болатын. Осы платформа бойынша бұл ұйым өңірлерді түгел аралап, оқушыларынан бастап, одан жоғары топты түгел қамтып, тренингтер өткізді. Жалпы еріктілер жұмысының алғашқы әліппесінен тартып, жұмыс жүйесін үйлестірудің жолы мен жосығын үйретті.