Экологиялық мәселелер реттелмей, іс алға баспайды

Dalanews 23 қаз. 2022 03:57 1190

Жер-ананың қойнауында адамзатқа қажетті байлық жетіп артылады. Десек те мұндай олжаны орынды-орынсыз пайдаланып, сарқып тауысу міндет емес. Кейінгі жылдары әлем ғалымдары кенді қоршаған ортаға зияны тимейтін әдіспен өндірудің тәсілдерін ұсынуда. Өйткені, ғаламдық мәселеге әлем елдері бірігіп қарсы тұрмаса, кейбір жекелеген мемлекеттердің дабылынан бәлендей нәтиже шықпайтыны айдан анық.

Біз кейде ойшылдардың қоршаған орта мен адамзат арасындағы текетірес туралы пайым, пікірін тыңдап, қайран қаламыз. Ұлы ғалымдар бізге дейін адамзаттың табиғатты бағындыру мақсатындағы ұмтылысын жаңалық деп емес, өзіне-өзі ор қазу деп тұжырым жасады.

Олар қоршаған ортаның тепе-теңдігіне нұқсан келтірмеуді ойластырды. Себебі қоршаған ортаның бір бөлшегі – адамның өзі екенін ғалымдар ерте ұқты. Соған қарамастан өткен ғасырдан күні бүгінге дейін адамзаттың табиғатқа қарсылығынан туындаған қайшылықты қазіргі көзі ашық қоғам көріп, біліп отыр. Кейде табиғаттың тосын мінезінен әлемнің әр қиырында болған жантүршігерлік оқиғалар туралы естіп, үрейленетініміз рас. Мезгілсіз келген су тасқыны, дүлей жел, жер сілкінісі, жанартаудың атқылауы, теңіз, көлдердің тартылуы, жаһандық жылыну сынды табиғи құбылыстар экологтарды ғана емес, күллі адамзатты алаңдатады.

Тіпті, мәңгі жасыл аймақтарда қар жауса, Арктика мен Антарктида да мұздықтардың еруі жиілегені тегін емес. Австралия, Түркия, Франция, Аргентина сынды бірнеше елдердегі орман өрті және кешегі Қостанайдағы жағдайдан табиғатқа залал келмесе, пайдасы тимейтіні анық. Десек те жетекші елдер орманды аймақтарды қалпына келтіру жұмыстарына қызу кіріссе, кейбір мемлекеттер арнайы бағдарлама шеберінде кезең-кезеңімен іске асатын тапсырманың жобасын түзіп қойғаны белгілі.

Әрине, қалпына келтіру жұмыстарын әр ел өзінің әлеуетіне қарай іске асырғанымен, мезгілсіз келген табиғи құбылыстардың алдын-алу жағы ақсап тұрғанын байқаймыз. Сол үшін де әлемдік мәселенің қайда апара жатқанын түйсінген дамыған елдер экологияға бөлінетін қаржының көлемін ұлғайтып, арнайы бағдарламалар қабылдауда.

Мысалы, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы әзірленіп, көп ұзамай осы бастаманың негізгі бағыттары да айқындалған-ды. Ел үкіметі жоба шеңберінде елдегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы орта қалыптастыру жағын ойластырды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасының негізі төрт бағыты бар екенін хабарлады. Соның ішінде «Таза Қазақстан» бағыты ауаның ластануына жол бермей, қалдық заттарды басқару және су объектілерін жаңғырту сынды экологиялық проблемаларды реттеуге негізделген. Қазір кәсіпорындар мен электр станциялардың өндірісте көмір пайдалануынан атмосфераға белгілі бір деңгейде залал келуде. Ұлттық жобаның осы бағытында ауа ластануы жиі байқалатын 10 қалада 5 жылдың шеңберінде ірі 16 кәсіпорын шығарындысын 20 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Тиісінше қалдықтардан заманауи технологияның көмегімен энергия алып, кәдеге жарату жағы да ойластырылған. Сол секілді дәріханаларда да құрамында сынап элементі бар қалдықты бөлек жинау мақсатында контейнер мен экобокс орнату жоспарланған екен. Жобада елдегі су объектілерінің экожүйелерін сақтау міндеті де қарастырылған. Мұның ішінде ең өзектісі, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін және Бурабай, Щучье, Қопа, Шалқар көлдерін қалпына келтіру.

Ұлттық жобаның «Үнемді Қазақстан» бағыты еліміздің табиғи ресурстарын тұрақты пайдалануға ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, суды пайдаланудың экологиялық қауіпсіз әрі экономикалық жағынан оңтайлы жолы қарастырылмақ.

Суды үнемді пайдаланудың есебінен өнімділікті арттыру мақсатында 401 арнаны жаңарту жолға қойылса, вегетация кезінде су шығынын 4 текшеметрге қысқарту мақсатында 212 арнаны цифрландыру жоспарланған. Сондай-ақ 600 мың гектар суармалы жерді ұлғайту жайы қарастырылған.

Ірі су көздерінен, өзен-көлдерден қашық жатқан өңірлерде судың әр тамшысын тиімді пайдалануға қазірден кіріскен жөн-ақ. Өйткені, ғалымдардың 10-15 жылда су тапшылығы қысатынын айтып, дабыл қағуы бекер емес секілді. Ендеше суармалы алқаптарға жететін су көзін нақтылап, келер күннің де ахуалын бағамдаған дұрыс. Бұл мәселеге де тиісті министрлік бейжай қарамайды. Мәселен, елдегі су көздерін тиімді пайдаланып,  қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жинақтау көлемі 1,7 текшеметр болатын 9 су қоймасын салу жоспарда бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында нақты атап көрсеткен еді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су   ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай  су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ, біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар», – деді Президент.

Президент тапсырмасына сәйкес, өңірлерде экологиялық мәселелерді кезең-кезеңімен реттеу мақсатында күн тәртібіне қыруар жұмыс еніп, шаруаның шеті көріне бастады. Ұлттық жобада ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту, энергия ресурстарын ұқыпты пайдалану және энергияның тиімділігін арттыру жағы негізгі міндеттердің қатарында. Ал жобаның «Табиғат» бағытына тоқталсақ, мұнда экотуризмді дамыту мен визит-орталық ашу да қарастырылған.  Сонымен қатар жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған жануарлардың санын арттыру мәселесіне келгенде, тұран жолбарысын реинтродукциялау көзделіпті. Бұл бағытта балық ресурстарының табиғи популяциясын 224 мың тоннаға дейін ұлғайтумен қатар  2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі іс-шаралар да бекітілген. Жобаның «Экология болашағы» бағыты халықтың экологиялық мәселелер жөнінде таным-түсінігін кеңейтіп, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға арналған.  Әрине, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, аула, арық-атыздарды тазалауға құлықсыз жандар азаймаса, Ұлттық жобаның үйлесімді іске асқанынан не қайыр? Демек, жобаның төртінші бағытында көзделген міндеттер аз деп шетке ысыруға болмас. Министр Серікқали Брекешев орнықты даму қоғамын құруға көп көңіл бөлу қажет екенін алға тартты. Бұл ретте экоқұрылым мен мәдениетті көтеру жөніндегі негізгі бағыт – ұлттық жобаның базалық бағыты екенін айта кеткеніміз жөн. Демек әлемдегі және елдегі экологиялық мәселелер білім беру саласына реформалар енгізу қажет екенін аңғартады. Неге десек, экологиялық проблемаларды реттеудің оңтайлы іс-шараларын екінің-бірі жете түсінбесе, қолдамаса тағы болмайды.

Сонымен былтыр Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 26 982 281 мың теңге, ал, жергілікті бюджеттен 15 179 155 мың теңге қаржы қаралса, өзге көздерден 48 508 830 мың теңге бөлінген. Нәтижесінде 16 кәсіпорынның шығарындысы қысқарды. Жоспарға сай шығарынды көлемін 803,8 мың тоннаға дейін азайту көзделсе, былтыр оның көлемі 655,17 дейін жетіп, әуелгі жоспар артығымен(122 пайыз) орындалған. Негізі осы межеге қол жеткізу үшін 2021 жылғы бюджеттен қаржы қаралмаған. Есесіне, осы шаруаға бюджеттен тыс қаржы есебінен 26 485 900 теңге қаралып, нақты 15 388 837,1 мың теңге игерілген. Қалдықтарды тұрақты басқару жұмыстарында да ілгерілеу бар. Мысалы, Астана қаласымен қатар Павлодар және Қызылорда облысында қалдықтарды бөлек жинауға қолайлы контейнерлер орнатылған. Мұның ішінде құрамында сынабы бар қалдықтарды жинауға арналған контейнер де сатып алынған.

Бұдан өзге, қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бағытында біраз тапсырма орындалған. Су объектілерінің экожүйелерін сақтау бойынша да ілгерілеу байқалады. Ашып айтар болсақ, Шалқар көлін тазалауға әуелі 1 432 956 мың теңге бөлінсе, кейін жобаға енген түзетулерге сәйкес жалпы сомадан  132 956 мың теңге кемітіліп, бюджетке қайтарылған.

Осы тұста су объектілерінің экожүйелерін сақтау бойынша бірқатар жобалар зерделеніп жатқанын айта кеткен ләзім. Өйткені, бюджеттен қыруар қаржы бөлінетін ауқымды жұмыстардың сұрауы бар. Әрі экологиялық мәселелерді реттеуде аумақты мұқият зерделеп, «жеті рет өлшеп бір рет кес» деген қағидаға салмаса, күні ертең жүйесіз істің берекесі болмауы мүмкін ғой. Бастысы, дәл қазір «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша негізгі 4 стратегиялық көрсеткішке қол жеткізу мақсатында біраз жұмыс қолға алынып, нақты жоспар түзілді. Ендеше, экологиялық мәселелерді реттеуге арналған бағдарламалардың нақты нәтижесін көретін күн алыс емес деп ойлаймыз.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар