Дүниежүзілік банк: 2025 жылы Қазақстандағы инфляция 7,5-8%-ға дейін төмендеуі мүмкін

Кәмшат Тілеухан 06 ақп. 2025 09:41 758

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының өсімі мен инфляция динамикасы бойынша алдағы жылдарға арналған болжамын ұсынды, сондай-ақ еліміз бетпе-бет келуі ықтимал негізгі деген тәуекелдерді атап көрсетті, деп жазады Dalanews.kz.

Болжамға сәйкес, ел экономикасы 2025 жылы мұнай өндірісінің ұлғаюы және фискалдық қолдаудың жалғасуы нәтижесінде 4,5-5%-ға өсуі мүмкін. Сонымен қатар, инфляция деңгейі 2025 жылы 7,5-8%-ға дейін және 2026 жылы, тіпті 6%-ға дейін біртіндеп төмендейді деп болжанады. Сонымен қатар, фискалдық шаралардың кеңеюі мен валюта құбылмалылығының артуы инфляциялық қысымды мақсатты деңгейден жоғары ұстап тұра алады, делінген  ДБ талдауында.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михневтің айтуынша, 2025-2026 жылдары да бюджет тапшылығы мәселесі өзектілік танытып, Қазақстанның фискалдық саясаты ынталандырушы рөлді ары қарай жалғастырады. 

"Мемлекеттік қарыз басқаруға жатып, фискалдық тапшылықтарды жабу үшін іштен қарыз алу және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қаражат алу сипатындағы тәуекелдің артуы қордың ұзақмерзімді тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық туғызады. Бұл баяндамада біз фискалдық тәртіптің және осы мәселелерді шешу үшін кіріс көздерін әртараптандырудың маңыздылығын атап өткіміз келеді", - дейді ол.
 
Қазақстан үшін негізгі тәуекелдердің қатарына мыналар жатады: мұнайға деген жаһандық сұраныс пен бағаның төмендеуі, фискалдық шаралардың кеңеюі және апатты ауа райы құбылыстарының инфрақұрылым мен экономикалық белсенділікке  теріс әсері.

Бұдан бөлек, Қазақстанның салық кірістері басқа елдердің ұқсас көрсеткіштерінен едәуір артта қалып отыр, солайша негізгі мемлекеттік қызметтер мен ұзақмерзімді басымдықтарды қаржыландыруды шектеуде. Баяндаманың арнайы бөлімінде кірістерді жұмылдыру бойынша реформалар да талқыланады.

Сонымен қатар баяндамада фискалдық мәселелерді шешуге арналған салық реформасының кешенді бағдарламасы таныстырылады. Атап айтқанда, бұл реформаларға прогрессивті табыс салығы жүйесіне көшу, тиімсіз салық жеңілдіктерін кезең-кезеңімен тыю, ҚҚС бойынша реформалар, акциздік салықтарды экологиялық мақсаттарға сәйкестендіру және салықтық әкімшілендіруді жақсарту енеді.

"Құжатта Қазақстандағы инфрақұрылымның жай-күйі өнімділікті арттыру және үздіксіз әрі тиімді мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз ету үшін аталған салаға бөлінетін мемлекеттік инвестициялар көлемін ұлғайтуды талап ететіні атап көрсетілген. Осыған сүйене отырып, дамудың ұзақмерзімді басымдықтарына қажетті қаржыландыру үшін фискалдық кірістерді ұлғайту өте маңызды", - деп санайды Дүниежүзілік банк мамандары.

Бұған дейін сайтымызда "Енді Ұлттық қордан да, сырттан да көп ақша алмаймыз - сарапшы" деген мақала жарияланған болатын. Бұл мақалада Дүниежүзілік банк жариялаған "Kazakhstan Economic Update" атты кезекті есебіне экономист Ғалымжан Айтқазин талдау жүргізеді. Сондай-ақ "Инфляция болжамды көрсеткіштен асып түсіп, сарапшылар шу етті" деген мақаланы оқи отырыңыздар. Онда 2025 жылы қаңтардағы дерек бойынша, Қазақстандағы инфляция 8,9% құрағаны айтылады.Бұл цифр болжамды көрсеткіштерден де жоғары болып, сарапшылар дер уақытында шара қабылдамаған Ұлттық банкті айыптады. Ал Ұлттық банк елімізде тоқтаусыз өсіп жатқан тұтынушылық несие бұған себеп екенін айтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар