Джексон-Вэник: АҚШ Қазақстанға тұрақты сауда серіктесі мәртебесін бере ме?

Dalanews 24 қаз. 2024 10:44 4633

Байден әкімшілігі мен Қазақстан өзара сауда мен инвестицияны ынталандыруға ұмтылу үстінде. Алайда, "қырғи қабақ соғыстан" қалған ескі ереже - Джексон-Вэник түзетуі, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға қолбайлау болып тұр, деп жазады Dalanews.kz.

Қазақстан - Орта Азиядағы сауда кедергілерін азайтып, батыстық инвестицияны молынан тартуға бағытталған АҚШ бастамасын қолдайтын елдің бірі. Алайда, қазақстандық шенеуніктер АҚШ-пен сауданы Джексон-Вэник түзетуінің кесірінен толыққанды дамыта алмай отырғанын жиі айтып жүр.

Бұл заң өткен дәуірде, Орталық Еуропа мен Еуразиядағы бұрынғы коммунистік мемлекеттермен қарым-қатынасты реттеп, АҚШ-қа қосымша ықпал ету тетігін ұсыну үшін қабылданған. Сауда қатынастары осы елдердегі еркін қозғалыс пен эмиграцияға рұқсат беру шарттарына негізделген еді. Белгілі бір елді бұл тізімнен түбегейлі шығару үшін Конгресс арнайы заң қабылдауы қажет.

Қызыл империя құлаған соң Конгресс бұрынғы коммунистік мемлекеттерді Джексон-Вэник түзетуінен босатып, оларға тұрақты сауда серіктестері мәртебесін (PNTR) берді.

Алайда, бұрынғы КСРО құрамында болған бес ел – Әзірбайжан, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан әліге дейін Джексон-Вэник түзетуінің "тұтқынында" қалып отыр және жыл сайын осы түзетуден босату үшін арнайы шолудан өтуі қажет.

Қазіргі таңда бұл шектеулер тек төрт елге қолданылады: Беларусь, Куба, Солтүстік Корея және Ресей.

Қазақстанның жыл сайынғы сертификаттау рәсіміне көңілі толмаған соң біздің елдің дипломаттары тұрақты сауда мәртебесін алу үшін Вашингтонмен қызу жұмыс істеуде.

"Джексон-Вэник түзетуі Қазақстанның Конгресс деңгейіндегі басты мәселесінің бірі", – делінген Конгрестің зерттеу қызметі (CRS) тамыз айында жариялаған баяндамасында.

"Байден әкімшілігі Қазақстан үшін Джексон-Вэник түзетуін жоюды қолдайды, өйткені бұл АҚШ-тың экономикалық ынтымақтастыққа адалдығын білдіреді және осы арқылы Америка Құрама Штаттары Қазақстанның Ресей мен Қытайдан алыстауына мүдделі".

"Бұл мәселенің Қазақстан үкіметі үшін маңыздылығын ескере отырып, түзетудің күшін жою екіжақты қарым-қатынасқа оң ықпалын тигізеді", – делінген CRS баяндамасында.

Осы жазда Вашингтонда өткен инвестфорумда АҚШ-тағы елшіміз Ержан Ашықбаев Қазақстанды Джексон-Вэник тізімінен алып тастау "еліміздің Батысқа бет бұруына септігін тигізетін қадам" деп сипаттаған болатын.

Дегенмен, Конгресс мүшелері әлі күнге дейін бұл мәселеге енжар қарауда. Алдыңғы жылдары ұсынылған көптеген заң жобалары комитет деңгейінен аса алмай қойды. Биылғы Конгрессте қаралып жатқан HR 3611 заң жобасы да дәл сол тағдырды қайталауы мүмкін. Дегенмен оны 43 конгрессмен, оның ішінде республикалықтар мен демократтар қолдап отыр.

Вашингтондағы Халықаралық салық және инвестиция орталығының президенті Дэниел Витттің пікірінше, Қазақстанға тұрақты сауда мәртебесін бермеу АҚШ-тың Орта Азиядағы стратегиялық мүддесіне қайшы.

"АҚШ үкіметінің Қазақстандағы инвестклиматты жақсарту үшін жасай алатын ең маңызды қадамы әбден ескірген Джексон-Вэник түзетпесі секілді шектеуді алып тастау", – деді Витт шілде айында аймақтық сауданы дамыту жөніндегі дөңгелек үстелде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар