Депутат Назарбаевтың елден шығуына тыйым салуды ұсынды

Қаракөз Амантай 29 жел. 2025 09:39

Депутат Ермұрат Бәпи мемлекеттік құпияға қол жеткізген жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заң жүзінде реттеуді ұсынды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бәпидің пікірінше, экс-президенттер, бұрынғы министрлер және мемлекеттік құпиямен жұмыс істеген өзге де лауазым иелерінің шетелге кедергісіз шығуы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан тәуекел тудыруы мүмкін.

Сол себепті ол заңгер-депутат әріптестеріне осы бағытта заңнамалық бастама көтеру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Депутат өз жазбасында Абзал Құспан, Марат Башимов, Бақытжан Базарбек және Үнзила Шапақ сынды құқық саласының өкілдеріне сұрақ жолдаған.

“Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазымгер болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар. Қалай ойлайсыңдар, заңгер-депутат әріптестер, біз осындай заңға бастамашылық жасай аламыз ба”, — деді ол.

Бәпи шетелге шығуға шектеу қою тәжірибесі Қытай секілді елдерде бар екенін атап өтті.

“Қытайдағы сияқты шетке шығуды шектейтін заң біздің елдің халықаралық міндеттемелері мен мемлекетаралық конвенцияларға қаншалықты қайшы келуі мүмкін? Мәселен, біз депутат ретінде мұндай мемлекеттік құпиялық қажеттілікке мойынсұнуға мәжбүрміз”, — деп қосты ол.

Сонымен бірге ол ұлттық қауіпсіздік мақсатында кейбір тұлғаларға алдын ала “шекаралық шектеу белгісін” енгізу тетігін қарастыруға болатынын айтты.

“Ал бұған және Қожамжаров сияқты басқаларға елдің қауіпсіздік қамына орай күнібұрын шекаралық "қызыл жалауша" қоюға болмай ма? Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі "қызыл иті" елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе?”, — деп түйіндеді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар