Астана – Петропавл бағытындағы пойызда жолаушы санитарлық жүйенің ақауынан зардап шекті, деп хабарлайды Dala News.
Оқиға Тайынша – Смирново аралығында болған. Плацкарт вагонында келе жатқан әйел әжетханаға кірген сәтте биотуалет істен шығып, ішіндегі қалдықтар сыртқа атқылап кеткен. Нәтижесінде жолаушының киімі мен әжетхана іші толық ластанған.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиға кезінде вагон қызметкерлері жағдайды қалыпты қабылдап, одан тасымалдаушыға шағымы жоқ екені туралы қолхат жазуды сұраған.
Алайда жолаушы бұл ұсыныстан бас тартып, көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шағым түсірген. Соның негізінде тексеріс жүргізілді.
Тексеру барысында ақауға әжетхана жүйесінің бітелуі себеп болғаны анықталды. Биотуалетке жолаушылар тарапынан пластик бөтелкелер мен тағам қалдықтары тасталған.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы бұл жағдайды санитарлық талаптарды сақтамаумен байланыстырды.
Қызметтік тексеріс нәтижесінде пойыз бастығы жұмыстан босатылып, учаске басшысына қатаң сөгіс жарияланды.
Компания жолаушыларды биотуалеттерді пайдалану ережелерін сақтауға шақырды.
