Атырау облысында полиция талабын елемей, қашуға әрекеттенген 18 жастағы тұрғын 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Dala News.
Оқиға 28 наурыз күні Исатай ауданында болған. Полиция мәліметінше, Lada Priora көлігін басқарған жас жігіт тоқтау туралы заңды талапты орындамай, қашып кетпек болған. Кейін ол ұсталды.
Тексеру барысында жүргізушінің көлік басқаруға құқығы жоқ екені анықталған. Ол бірнеше бап бойынша жауапкершілікке тартылды, соның ішінде көлікті құқықсыз басқару және полиция қызметіне кедергі келтіру.
Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, оқиғаға қатысы бар басқа тұлғалар да жазаланды. 57 жастағы әйел полицияның әрекетіне кедергі келтіргені үшін жауапқа тартылса, көлік иесі басқаруды құқықсыз адамға бергені үшін жазаланды.
Жас жігіт оқитын оқу орнына да профилактикалық шаралар қабылдау туралы ұсыныс жолданды.
Полиция бұл жағдай заң талаптарын елемеу жазасыз қалмайтынын көрсететінін атап өтті.
