Қырғызстанда балаларға ине салынған кәмпит таратқан ер адам ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бішкекте балаларға ішінде ине сынықтары бар кәмпит таратты деген күдікпен ер адам қолға түсті. Оқиға 28 наурызда кешке "Ақ-Ордо" тұрғын алабында болған.
Ленин аудандық ішкі істер басқармасының мәліметінше, полицияға жергілікті тұрғын жүгінген. Оның айтуынша, 11 жастағы қызы мен өзге балаларға белгісіз ер адам тәттілер берген. Кейін кәмпиттердің ішінен ине бөлшектері табылған.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажет сараптамалар тағайындалды. Жедел іс-шаралар барысында күдікті анықталып, ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тінту кезінде оның үйінен кәмпиттер мен іске қатысты өзге де айғақтар тәркіленген.
