Нұрай Серікбайдың өлімі: күдікті жындыханаға жатқызылған

Сағыныш Сардарова 01 сәу. 2026 09:58

"Күдікті жазадан сытылып кетуі мүмкін". Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, кісі өліміне күдікті Шерхан Аймахан қазір Шымкенттегі изоляторда емес. Сондай-ақ, жүргізілген сараптама қорытындысында оның психикалық ауытқуы бар екені көрсетілген. Алайда жәбірленуші тарап бұл тұжырыммен келіспейді. Бұл туралы "Жетінші арнаның" репортажында айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нұрай Серікбайдың ағасы күдіктінің дені сау екеніне сенімді.

"Ол жалған анықтама жасатып, жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қорқамыз", - дейді ол.

Оның айтуынша, үш айға созылған тергеуден де әлі ешқандай мардымды жауап алмаған. 

"Біріншісі Шымкентте қаралған болатын, "психикалық ауытқуы байқалған" деп анықтама берген. Біз оған сенбей, Алматыдан сараптама талап еттік, күдікті сол жаққа барды, ол жақта да осындай анықтама берді. Енді бұл жерде симуляцияның максималды белгілері көрініп тұр. Өйткені күдікті - кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген адам, сау адам. Естігенім бойынша қазір күдікті Шымкент қаласында емес. Ол Талғардағы психикалық емдеу орталығында. "Емделіп жатыр" деген анықтама алғанша, ол жақта уақытын өткізе береді", - деді Сұлтан Серікбай.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров та тергеу созылып жатқанын жоққа шығармайды. Күдіктінің мінез-құлқын анықтауға арналған сараптамалардың нәтижесі де әлі жарияланбағанын айтады.

Айта кетейік, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбай пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Қайғылы оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған.

Кейінірек полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікті ер адамды ұстады.

Сонымен қатар, Президент Ұлттық құрылтайда шымкенттік Нұрайдың өліміне қатысты пікір білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove