Журналист Асқарбек Қазанғап Oreo тәттісіне қатысты даулы жағдайды баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, жуырда өнімнің қаптамасындағы QR-кодты сканерлеген тұтынушылар онлайн-казино сайтына өткен.
"Ал бүгін компанияның IT-мамандары сілтемені жедел түрде өзгертіп, "техникалық ақау" деп түсіндірді", - дейді ол.
Бұл мәселені алғаш болып фудблогер Руслан Айтбаев жариялаған еді. Алайда біраз уақыттан кейін блогердің жазбасы парақшасынан өшірілген.
"Соған қарағанда, Oreo "тырнақшаның ішіндегі тәттімен" ғана шектелмей, әлдекімнің аузын майлаған жоқ па деген ой келеді. Өйткені жазба ізім-ғайым жоғалып кетті", - деп атап өтті ол.
Ал компания өкілдері жағдайды мойындамай, бар болғаны ақауды түзеткенін айтып, кешірім сұраудан бас тартқандай сыңай танытқан.
Журналистің пікірінше, бұл оқиғада екі бірдей заңбұзушылық болуы мүмкін.
"ҚР ӘҚБтК 455-бабының 1-бөлігі - заңсыз жарнама және сол баптың өзге тармағы - онлайн-казиноны жарнамалау", - деп қосты ол.
Аталған бап бойынша шамамен 3,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал қайталанған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке дейін баруы ықтимал.
Соған қарамастан, мәселе кеңінен талқыланбай, компания даулы QR-сілтемені өшіріп, "тың" күйінде жұмысын жалғастырып отыр.
"Заң білмеу жауапкершіліктен босатпайды", - дейді Асқарбек Қазанғап.
