Қазақстанда сегіз жаңа электр станциясы салынады

Қаракөз Амантай 01 сәу. 2026 10:14

Қазақстанда алдағы жылдары энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба іске асады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін елде жаңа электр қуат көздері іске қосылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық жоба аясында 2026–2030 жылдары жалпы қуаты 7,8 гигаватт болатын жаңа және жаңғыртылған нысандар пайдалануға беріледі. Оның ішінде сегіз жаңа электр станциясын салу және жұмыс істеп тұрған 11 станцияны модернизациялау жоспарланған.

Бұл бастама елдегі электр энергиясына сұраныстың артуын өтеуге, сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды кешенді түрде жаңартуға бағытталған. Негізгі басымдық тұрақты әрі базалық қуат көздерін қалыптастыруға берілмек. Нәтижесінде, Бірыңғай электр энергетикалық жүйенің сенімділігі күшейеді.

Жаңа құрылыс жобаларының жалпы қуаты 5,3 гигаватты құрайды. Атап айтқанда, Курчатов қаласында 700 МВт болатын конденсациялық электр станциясы, Екібастұзда қуаты 2640 МВт-қа жететін ГРЭС-3, сондай-ақ Қарағанды мен Екібастұзда жылу электр станциялары бой көтереді.

Сонымен қатар Жезқазған, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу көзделген. Бұл жобалар өңірлердегі энергия тапшылығын азайтып, өнеркәсіп пен тұрғындарды тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Қолданыстағы станцияларды модернизациялау нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейі шамамен 13 пайызға төмендейді деп күтілуде.

Жалпы, бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экономиканың тұрақты дамуына серпін бермек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove