Түркістан облысында әкесін ұрып өлтірген ер адамға қатысты үкім қайта қаралып, жаза мерзімі ұлғайтылды, деп хабарлайды Dala News.
Апелляциялық сот Алмас Садакбаевқа тағайындалған жазаны 5 жылдан 7 жылға дейін күшейтті. Сот шешімі қылмыстың ауырлығына байланысты қабылданған.
Тергеу мәліметінше, ер адам ауыр науқас әкесіне бірнеше рет күш көрсеткен. Бұл жағдай өткен жылы Шардара ауданындағы Көсейіт ауылында түсірілген бейнежазбадан кейін белгілі болды.
Кадрларда оның қарт әкесін ұрып-соғып, сүйрегені көрінеді. Сараптама нәтижесінде марқұмның қабырғалары мен мұрны сынғаны, денесінде көптеген қан құйылу іздері болғаны анықталды. Кей жарақаттардың ескі екені, зорлықтың жүйелі түрде жасалғанын көрсеткен.
Қарт адам өздігінен қозғала алмаған, толықтай ұлына тәуелді болған. Кезекті соққыдан кейін ол көз жұмған.
Мамандар нақты өлім себебін анықтай алмағанымен, жәбірленушінің ұзақ уақыт бойы зорлық көргені дәлелденді.
