Тараз қаласында Алмас Қожаханов екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Dala News.
Мамандандырылған тергеу соты оны аса ірі көлемде бопсалау және өзін-өзі өлтіруге жеткізу баптары бойынша күдікті деп танып, қамауға санкция берді. Сот отырысы жабық режимде өтті.
Аталған баптар бойынша жаза 7 жылдан 15 жылға дейін, сондай-ақ қосымша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Еске салайық, 29 наурыз күні Тараз көшелерінің бірінен ер адамның мәйіті табылған. Кейін марқұмның қарызға байланысты танысымен кездесуге шыққаны анықталған.
Тергеу мәліметінше, сол танысы Алмас Қожаханов болып шыққан.
Айта кетейік, ол бұған дейін Қырықбаев фамилиясымен белгілі болған. Кейін Дубайдан Қазақстанға оралған соң жұбайының тегіне өткен. Бұған дейін ол іздеуде жүргені хабарланған.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.
