Батыс Қазақстан облысындағы жол апатынан кейін 24 оқушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
31 наурыз күні шамамен сағат 14:00-де Теректі ауданына қарасты Подстепное кентінде мектеп автобусы мен жолаушылар автобусы соқтығысты. БҚО ПД мәліметінше, Самара – Шымкент республикалық автожолымен келе жатқан жолаушылар автобусы мектеп автобусымен соқтығысқан. Соққы салдарынан мектеп автобусы алда тұрған көлікке соғылған.
«Мой город» басылымының жазуынша, жол апаты салдарынан 24 бала зардап шеккен. Олардың барлығы ауруханаға жеткізілді. 21 бала жұмсақ тіндердің соғылуымен амбулаториялық емге жіберілсе, үшеуі жабық бас-ми жарақаты және ми шайқалу диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
Сондай-ақ жолаушылар автобусындағы төрт адам да жарақат алған.
Мектеп директорының айтуынша, мектеп автобусында Подстепное кентіндегі №2 орта мектептің оқушылары болған. Барлық бала орындықта отырған, жанында кезекші мұғалім болған. Мектеп автобусы тарапынан ешқандай заңбұзушылық анықталмаған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жолаушылар автобусының жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция тергеу жүргізіп жатыр.
