Астанада әлеуметтік осал топтарға арналған 170 пәтерді заңсыз иемденгендер әшкереленді

Қаракөз Амантай 25 жел. 2025 09:31

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерімен бірлесіп, әлеуметтік осал топтарға — оның ішінде көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар адамдарға арналған пәтерлерді заңсыз иемдену фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, 2014–2016 жылдары "Төленді" тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А. Байжұманов пайшылардың ақшалай қаражатын жымқырудың ауқымды схемасын ұйымдастырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Кейін пәтерлердің бір бөлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үйлер ретінде Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен аяқталған. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін Байжұманов жаңа заңсыз схема әзірлегені анықталды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл схема "өткен күнмен рәсімделген" жалған құжаттарды пайдалану арқылы пәтерлерді заңсыз иемденуге бағытталған.

Нәтижесінде 80-нен астам адам "жалған үлескер" ретінде жәбірленуші деп танылған. Уәкілетті ұйымнан 170 жылжымайтын мүлік нысанына заңсыз құқық рәсімделген.

Пәтерлерді өтеусіз алғаннан кейін Байжұманов пен оның сыбайластары оларды үшінші тұлғаларға сатуды жоспарлаған. Осылайша жалпы құны 2,3 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.

Күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Тергеу жалғасып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар