Қазақстанда ажырасқандарға салық салу туралы ұсыныс қоғамда қызу пікірталас тудырды. Белгілі тіл маманы Назгүл Қожабек бұл бастаманың түп-төркініне үңіліп, оның артында әйелдердің қоғамдағы мәртебесіне қатысты терең әлеуметтік көзқарас жатқанын алға тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ажырасқандарға салық салынсын" деген "идеяның" артында не тұрғанын айтайын ба?
Қазақта "отағасы" деген нәрсе бар. Оның орысшасы — глава семьи. Вот, бала-шағасын өзі бағып отырған әйел автомат түрде үйінің БАСЫ, БАСШЫСЫ, тоқетері - ОТАҒАСЫ болып шыға келеді. Өйткені бала-шағаның бүгіні мен ертеңі, денсаулығы мен қауіпсіздігі, қайда тұрып, не ішіп-жейтіні, не киіп, қалай жүріп-тұратыны соның жауапкершілігінде. Отағасы деген — осыған жауап беретін адам”, — дейді ол.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 400 мыңнан астам әйел “отағасы” рөлін атқарып жүр. Бірақ қоғамда мұны қабылдай алмайтындар бар.
“Бұл кісілер әйелдің өйтіп, дәл осындай жолмен болса да, еркектерге теңескенін көтере алмайды. Көтере алмайды. Содан, әйелдің өйтіп шығандап кетуіне жол бермей, адымын аштырмайтын амал іздеу керек.
Бұлар бар ғой, бар отбасылардың тыныштығын, берекесін ойлап отырған жоқ. Бұлардың көзіне күйік — ажырасқан қатын. Қоғамның бар иттігінің айыбын солардың (БІЗДІҢ!) мойнына артып қоймақ.
Өле қалыңдар, біз өз үйіміздің отағасымыз!” — деп жазды ол.
Назгүл Қожабектің пікірінше, егер парламент “Отағасының мәртебесі туралы” заңды қабылдаса, онда әйелдердің де осы мәртебеге ие болуын заңмен бекіту қажет.
“Қайбір жылы парламентте айтылып қалған "Отағасының мәртебесі туралы" заң, яғни "Закон о статусе главы семьи" жазыла қалса, ол заңда біздің де мәртебеміз айтылады деген сөз” — деп қосты ол.
Айта кетейік, бұған дейін депутаттар тарапынан ажырасқан азаматтарға арнайы салық салу туралы ұсыныс айтылған еді.