"Біздің жерді қолтығына қыса кетті". Путин баяғы әуеніне қайта басты

Dalanews 13 шіл. 2021 06:19 906

Ресей президенті Владимир Путин “сыйға тартылған территория” туралы тақырыпты қайта көтеріп, салақұлаш мақала жазды деп хабарлайды Dalanews.kz.   

Соған қарағанда Кремль көсемінің параноясы қайта қозған сыңайлы. КСРО шекпенінен шыққан елдердің, соның ішінде Украинаның Ресейден жырақтап, бірте-бірте батыстанып, “АҚШ-танып” жатқаны Путиннің жанынан бататыны осы мақаланың өзінен менмұндалап тұр.  

Кремльдің ресми сайтында жарық көрген материалдың өне-бойы агрессия мен айыптауға толы.
Путиннің пайымдауынша Украина атты мемлекет мүлде болмаған, қазіргі атауының өзі бұрмаланған.  

“Украина” атауы көне орыс сөзінен бастау алады. “Окраина” дегенді білдіреді. Ресейдің шет аймағы дегенді аңғартып тұр. Архивті ақтарар болсақ “украинец” деп әуел баста шекара шебін күзететін, шекараны сырт күштерден қорғайтын адамдарды айтатын”, – деген Путин бүтін бір ұлтты “қарауылдың” статусына түсіріп тастаған екен. 

Кремль көсемі осы мақалада “Ресей сыйға тартқан территория” туралы ескі әңгімені қайта қозғаған.  


КСРО-ның ыдырауы ештеңе емес, Кеңес үкіметінен бөлінген елдер әлімсақтан Ресейге тиесілі территорияны “иемденіп” кетті деген сыңайда сөйлепті. Мұндай бассыздыққа кім жол берді? Путиннің айтуынша, бұған бірінші кезекте большевиктер жауапты. 

“Шекараны сызарда тарихи фактілерге тоқталған жоқ, КСРО құрамындағы елдерге кеңшілік жасап, қаншама аумақты сыйға тарта салды! Турасын айтқанда Ресейге тиесілі ұланғайыр территорияның ту-талақайын шығарды. Ресейді тонап тынды”, – дейді ол. 



Өткенге оралғанды ұнататын Путин КСРО құрылған 1922-1924 жылдарды ой елегінен өткізіпті. Айтуынша, сол тұста КСРО Конституциясына “одақтас республикалар одақ құрамынан қалаған уақытында емін-еркін шыға алады” деген шарт енген. Дәл осы шарт кейін Совет үкіметінің ыдырауына түрткі болған. 

“Коммунистер осылайша мемлекеттің бүйіріне бомба орнатты. Ол уақыты келгенде жарылды. КПСС күйреген тұста әлгі шарт алдымыздан шықты. Жаппай “Тәуелсіздік парады” басталды”, – деген Путин “маған салса 1991 жылдың 8 желтоқсанындағы КСРО-ның саяси һәм халықаралық субъект ретінде жер бетінен жоғалғанын ресми хабарлаған Беловеж келісіміне қол қоймас едім” дегенді аңғартыпты. Әне!

...
Путин КСРО тұсында одақтас республикалар арасында нақты таңбаланған, айқындалған шекара болмағанына сенімді. Демек, Кеңес үкіметі құлағаннан кейін бөлек шыққан қазіргі егемен елдердің шекарасына қатысты сауал көп…

“КСРО орталықтан басқарылды. КПСС-тың әмірі жүріп тұрды.  15 республика жан-жаққа бытырай жөнелгенде ұланғайыр аумақ, миллиондаған адам тарихи отанынан жырылып қалды. 

Жеке мемлекет болғыларың келе ме? Жо-жоқ, қарсы емесіз. Бірақ қандай жағдайда, қандай талаппен? Осыны ескеру керек еді”, – деген Путин 1922 жылғы Кеңес үкіметі құрылған келісімшартты алға тартқан екен. 

“Бұған сай 1992 жылы КСРО құрамынан бөлінген елдер 1922 жылы КСРО құрамына қандай территориямен енді, сонымен шығуға тиісті еді! Олар “иемденіп” кеткен аумақ талқылауды, келіссөз жүргізуді талап етеді. Құжаттағы талап-шарт сақталмады”, – дейді Кремль көсемі. 


Жалпақ тілмен айтқанда, немен келдіңдер, сонымен кетіңдер! КСРО шекпенінен шыққан елдердің қазіргі шекарасы легитимді емес. Путин соны айтқысы келгені анық.

Осы мақалада Ресей президенті князь Александра Невский туралы сөз қозғайды. Оның тұсында Ресейдің тарихи жерлерін “жинастыру” науқаны басталғанын мысалға келтіреді...



Украина ше? Олар сатқындық жасады. Жақсылықты ұмытты. Орыстай аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл ағасының қадіріне жетпеді. Одан бұрын орыс тіліне обал жасады. 

Сөй деген Путин Украинаның Совет үкіметінің төл өнімі екенін айтыпты. Ресейдің арқасында аяққа тұрып, егемен атанған. Ең сорақысы КСРО құрамынан шығар кезде Ресейге тиесілі территория қолтығына қыса кеткен.


 

“Украинаның қазіргі басшылығы бұл тақырыпты қозғағысы жоқ. Жер бетіндегі жамандық атаулыны Кеңес үкіметі мен Ресейдің басына үйіп-төгуге тырысуда. Солардың көпшілігіне КПСС мен қазіргі Кремльдің еш қатысы жоқ!

Қазіргі Украинаны аяққа тұрғызған біз едік. 90-шы жылдары көмек қолын создық. Газды су тегінге бердік. Соның арқасында Украина үкіметі 82 млрд долларды үнемдеп қалды. Бізбен байланысын үзбей, сыйластықты сақтап қалса, қазіргідей жоқшылықтың зардабын тартып, кедейліктің кебін киіп отырмас еді”, – деген Путин Ресейдің бүгінгі геосаяси жағдайды қабылдаудан өзге амалын жоғын айтыпты. 

Ресей президенті Украинаның өз ішінде ресейшіл, путиншіл  азаматтардың көп екеніне күмәнданбайды. Олар Ресеймен арадағы байланыстың қайта жанданғанын қалайды. Путиннің өзі де бертінге дейін солай ойлап келген. 

“2014 жылға дейін (осы елмен) экономикалық байланысты үзбеуге тырыстым. Мұнымнан түк шыққан жоқ. Киев құлық танытпады. Керісінше, халықты кіндіктес, бауырлас ағайынына қарсы қойды. Украин элитасы Ресейді құбыжық қып көрсеткеннен ерекше ләззат алады. Тарихты төңкеріп тастап, Украина КСРО құрамында болған дәуірді оккупация ретінде суреттейді. Орысқа да, украинға да ортақ ашаршылық жылдарына “украин халқына жасалған қастандық” деп тарихи баға беріп үлгерді. 

Орыс тіліне обал жасады. Тіл туралы саясатты орыс тілін ауыздықтаудың құралына айналдырып жіберді. Орыс тілін оқу бағдарламасынан алып тастады”, – деп күйінген екен Кремль көсемі. 

Путиннің айтуынша Донецк пен Луганск тұрғындарының Киевке қарсы өре түрегелуіне осы жайт түрткі болған. Олар орыс тілін, орыс әлемін қорғап, қолына қару алуға мәжбүр. 

Сөз ауанына қарағанда Кремль жақын күндері Украинаның шығысына басып кіретін түрі бар деп топшыладық.


Бұған осы мақаладағы Путиннің мына сөзі дәлел: 

“Донбасс Киевке керек емес секілді. Неге? Себебі аймақ тұрғындары Киевтің діттеген тәртібін енді қайтып қабылдамайды. Зеленский? Ол таза суайт. Билікке келердің алдында Донбасста бейбітшілік орнатуға уәде берген. Содан бері түк өзгерген жоқ, керісінше аймақтағы ахуал асқына түсті”, – дейді Ресей президенті. 

Әйтсе де Украинадан күдер үзгісі жоқ. Ілгерідегі айыптаудың бәрін ұмытып “біз бауырлас елміз” деп аяқтапты сөзінің соңын. 

“Біріксек қана мықты боламыз. Украина Ресеймен әріптескен жағдайда ғана тәуелсіздігін сақтап қалады”, – дейді Путин.

 

Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар