Батыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Жарбол Кентұлы 12 қар. 2024 16:40 1111

Батыс Қазақстан өңірінде төрт түлік мал басының саны тұрақты артуда. Бұл туралы ОКҚ-де болған брифингте өңір басшысы Нариман Төреғалиев баян етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысындағы басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығы. Батыс Қазақстан облысында  мал  шаруашылығын дамытуға жасалынған қолдаулардың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда.

Өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 60% ата кәсіп – мал шаруашылығына тиесілі.  Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға  50 млрд. теңге қаражат бөлінді.

Төрт түлік мал басының саны тұрақты артуда. Үстіміздегі жылы алынған төлмен бірге ұсақ мүйізді мал басының саны 2 млн-ға жуықтады, ірі қара малы 1 млн., жылқы 350 мыңнан асып, түйе 3 мың басқа жетті.

Биылғы жылы облыс бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы - 616 мың га құрады. Бүгінгі таңда егін ору науқаны облыста толық аяқталып, 300 мың тонна астық, 96 мың тонна майлы дақылдар, 50 мың тонна картоп, 46 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері жиналды.

Мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін өңір әлеуетін толық пайдалану мақсатында жайылымдарды суландыру бағытында ұзындығы 186 шақырымды құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту және 43 шақырым «Азнабай-Тайпақ» және 95 шақырымды құрайтын «Жайық-Шалқар» каналының жөндеу сияқты ірі жобалар жүзеге асуда.

Сол секілді, Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешенде жаңа жобалар жүзеге асырылуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында соңғы екі жылда облыста 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, ауылдық жерлерде 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды.

Несиеге қол жеткізе алмайтын, халықтың әлеуметтік  осал топтарына биылғы жылдан бастап тауарлық несие беру жүзеге асырылуда. Әзірге 195 отбасына тауарлық несие ретінде 247 бас мүйізді ірі қара, 474 бас ұсақ мал және 64 бас жылқы берілді. Жұмыстар жалғасуда.

Ағымдағы жылы өңіріміздің ең ірі кәсіпорны «Қарашығанақ» мұнай-газ компаниясымен меморандумға қол қойылып, бағдарлама аясында кәсіп ашқан тұрғындардың өнімдерін кооперациялар арқылы КПО компаниясына тікелей сату жұмыстары ұйымдастырылды.

Өнім өндірісі көлемін арттыру және саланың дамуына инвестиция тарту мақсатында 2024-2026 жылдары агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 120 млрд. теңгені құрайтын, 870 жаңа жұмыс орнын құратын 38 инвестициялық жоба жоспарланса, соның ішінде биыл 19 жоба аяқталды. Нәтижесінде өңірде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жылы 70% деңгейіне жетпек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар