Ақша-несие саясатының қатаңдатылғанына қарамастан, 2025 жылғы қаңтар-маусым айларында банк секторы жалпыға 18,8 трлн теңге несие берді, бұл - өткен жылмен салыстырғанда 2,2 трлн теңгеге немесе 13,1% артық көрсеткіш. Несие беру көлемінің артуында корпоративтік сегменттің (+11,9%) де, бөлшек сегменттің (+14,4%) да үлесі бар. Бұл ретте жаңа несиелердің басым бөлігі бизнеске (50,3%) емес, халыққа (49,7%) берілгенін баса айта кетелік. Мұндай мәліметтер Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Талдау орталығының 2025 жылдың I жартыжылдығы бойынша Қазақстанның банк секторына жасаған шолуында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Инвестициялық сұраныстың өсуіне кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық қызметінің жақсаруы (өндіріс +10,3%, кіріс +9,6%), ішкі тапсырыстардың артуы жағдайында айналым қаражатының кеңеюі, жеңілдікпен қаржыландыру құралдары мен көлемдерінің артуы, өңдеу өнеркәсібінде (мысалы, химия өнеркәсібі өнімдері мен металлургия өндірісі), көлік саласында инвестициялық жобалардың іске асырылуы және елдегі тіркелген заңды тұлғалар санының көбеюі (+9,3 мың, 2025 жылдың алғашқы 6 айында) әсер етуі мүмкін", делінген шолуда.
Қарыз қаражатына тұтынушылық сұранысқа жалақының өсуі (+10,7%), жаңа клиенттер ағыны (+55 мың, биылғы І тоқсанда), банктер арасындағы бәсекелестік, маркетингтік акциялар мен бөліп төлеу бағдарламаларының кеңеюі, жеңілдікпен ипотекалық бағдарламалардың артуы әсер етті, бұл пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне қарамастан несиелердің қолжетімділігі мен тартымдылығын арттырды.
"Жаңа берілген несиелердің айтарлықтай артуы есебінен екінші деңгейлі банктердің жиынтық несие портфелі 9,1% өсті, бұл олардың активтерінің жалпы өсімінен (+5,3%) едәуір артық және банк секторының нақты сектор мен халықты несиелеуге басымдық беріп отырғанын көрсетеді. Осы жағдай аясында несие портфелінен түскен пайыздық табыстардың жиынтық пайыздық табыстар құрылымындағы үлесі 73,5%-ға дейін өсті (жыл басында – 72,1%), бұл қаржыландыру құнының өсуіне қарамастан, тұрақты ақша ағынын қамтамасыз ететін активтерге басымдық сақталғанын көрсетеді", - дейді қауымдастық сарапшылары.
Проблемалық қарыздарды коллекторларға сатуға тыйым салынғанына қарамастан, несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде сақталды (NPL – 3,4%), ал пайыздық табыстардың артуы таза пайданың (+19,2%) өсуіне және банктердің капиталдануының (+5,1%) күшеюіне ықпал етті.
Бұл екінші жартыжылдықта несиелеуді кеңейту және негізгі бизнестің теңгерімді өсуін қолдау үшін қажетті меншікті қаражаттың қосымша қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сектордың кірістілігі салық түсімдерінің өсуімен қатар жүрді: корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша төлемдер 35,9%, яғни 187,2 млрд теңгеден 245,7 млрд теңгеге дейін өсті, бұл республикалық бюджетке КТС бойынша барлық түсімдердің 12%-ын құрайды. Фискалдық жүктеменің қосымша өсуі капиталдану қарқыны мен жоғары несиелеу көлемдерін сақтау мүмкіндігіне теріс әсер етуі мүмкін.
2025 жылдың I жартыжылдығында банк секторы бизнес пен халықты белсенді несиелеуге сүйене отырып, тұрақты өсу динамикасын көрсетті. Бұл ретте банктердің несие портфельдері жиынтық активтерге қарағанда қарқынды өсті, бұл негізгі бизнеске басымдық беріліп отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, несие портфелінің сапасы бақыланатын деңгейде сақталып, банктерге пайыздық табысты жоғары деңгейде ұстап тұруға және пайдаларын арттыруға мүмкіндік берді.
"Екінші жартыжылдықта несиелеудің оң динамикасы сақталады деп күтіледі, дегенмен оның қарқыны қалыпты болуы мүмкін. Кредиттеу динамикасына бірқатар факторлар кешені тежеуші әсер етеді. Олардың қатарында қыркүйек айынан бастап ЕДБ қорландыру шығындарын арттыратын ең төменгі резервтер бойынша жаңа талаптардың күшіне енуі де жатқызылады. Макропруденциалдық саясатты қатаңдату жеке сегменттердің өсім мүмкіндіктерін шектейді. Ұлттық валюта бағамы құбылмалылығының күшеюі бизнес пен халық үшін шығыстар мен инвестициялық шешімдерді жоспарлауды қиындатады, болашақ ақша ағындарын бағалауда дүдамал ахуалды арттырады. Салық жүктемесінің өсуі капиталдандыру қарқынын бәсеңдетеді және несие портфелінің кеңею әлеуетін тежейді. Осы факторлардың жиынтық әсері кредиттік белсенділік қарқынын бәсеңдетуге және мемлекеттік деңгейде кемінде 20% деңгейінде белгіленген кредиттеуді ұлғайту жөніндегі мақсатты бағдарға қол жеткізуге қауіп төндіруі ықтимал", делінген шолуда.
Бұған дейін сайтымызда "Маусым айында бизнес те, халық та өкіртіп кредит алған. Неге?" деген материал жарияланған болатын.