Тағы бір өңірден мұнай іздеу жұмыстары жүргізілмек

Көркем Алдабергенова 13 ақп. 2026 14:13

Биылдан бастап Қазақстанның тағы бір өңірінде мұнай іздеу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Қостанай облысының Жангелдин ауданында мұнай табылды деген әңгімелер болды. Оны өндіруге әлі ерте ме?» - деген сұрақ қойылды ОКҚ-де өткен брифингте комитет басшысының міндетін атқарушыға.

Қанат Ерубаевтың айтуынша, мұнай табу үшін алдымен «перспективалы тұзақтарды» анықтау қажет.

«Бұл – күрделі жұмыс, бірақ оны жүргізу керек. Солтүстік Торғай шөгінді бассейні өте үлкен. Бұл аумақта солтүстіктегі көрші елде мұнай мен газ өндіріледі. Бізде де осындай нысандарды анықтауға барлық алғышарттар бар. Сондықтан Қостанай облысының аумағында сейсмикалық барлау жұмыстарын жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Комитет төрағасының міндетін атқарушының сөзінше, жұмыстарды 2026 жылы бастау, ал үш жыл ішінде толық аяқтау көзделіп отыр.

Айта кетейік, Қазақстанда мұнай негізінен елдің батыс өңірлерінде өндіріледі. Бұл аймақтарда ірі кен орындары мен негізгі инфрақұрылым шоғырланған. Мұнай өндіретін басты өңірлер - Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары. Ал Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемі салыстырмалы түрде аз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove