Астанада автокөліктерді алып-сатумен айналысқан 25 жастағы автосалон иесі мен оның қызметкері ірі алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, бастапқыда салон заңды түрде жұмыс істеп, пайдаланылған көліктерді комиссиялық негізде сатып келген. Алайда уақыт өте келе күдіктілер сатылған автокөліктерден түскен қаражатты иелеріне қайтармай, өз пайдасына жымқырған.
Сонымен қатар кейбір сатып алушылар да зардап шеккен. Олар көлік үшін ақша төлегенімен, автокөліктер өздеріне берілмеген. Полицейлердің айтуынша, күдіктілер бұл көліктерді өздері пайдаланып, кейін жалға беріп отырған.
Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынды. Полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып, олардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Келтірілген шығын көлемі әзірге жарияланған жоқ.
