Бағындырудың ең оңай жолы – мәңгүрт етіп тастау

Dalanews 28 жел. 2017 10:10 1584

Редакциядан: Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың туған жер, ата-баба, тарих туралы түйіндеулерінен тұратын "Құз басындағы аңшының зары" атты ортақ кітапты бала жасымызда оқыған едік. Араға жылдар салып тағы бір парақтап шықтық. Осындағы Айтматовтың мәңгүрт сөзінің мағынасын ежіктеп берген сәтін оқырманға оқуға ұсынып отырмыз. Сонымен, "адамзаттың Айтматовы" не дейді? 

"Ғасырдан да ұзақ күн" романын жазарда мәңгүрт тақырыбын үңіле зерттедім. Бала күнімізде жөн-жосықты білмейтін біреулерге: "Ей, мәңгүртсің бе өзің?"- деп жатқанды құлағымызбен талай естідік. Адамның мәңгүртке қалай айналатынын білмесек те, сүйегіңнен өтер ауыр сөз екенін сезуші едік.

Осы мәңгүрттік туралы алғашқы деректердің бірі осыдан он ғасыр бұрын жырланып. қырғыз халқының ерлік пен елдік энциклопедиясына айналған "Манас" эпосында кездеседі. Онда бала Манастың тентектігі мен шыдас бермес күшінен қорыққан қалмақтар, оны мәңгүрт етіп жіберейік деп, уәж байласқаны былайша жырланады:
Баланы ұстап алалық,

 Басына шіре салалық,

Үйге алып барып қиналық,

Алты ағайын қалмақтың

Аяқ-басын жиналық.

Алпысыншы жылдардың ішінде ғой деймін, атақты Саяқбай Қаралаевтан мәңгүрт пен шіренің мағынасын сұрағаным бар.

Сонда қадірлі қария біраз ойланып отырып, әңгімесін бастаған:

 - Ертеле, қалмақ пен қырғыз шапқыншылығы тұсында, екі жақ мал-мүлікпен қоса, бір-бірінен құл етіп ұ стау үшін, тұтқын алып отырған. Ол тұтқын мал соңында салпақтап жүргенімен, күндердің күні болғанда есін тауып, қашып кетер.

Әлдекімдер арқылы өзі жайлы еліне хабар беруі де, тіпті тірі жан болған соң, ауылдың қыз-қырқынына қырындап қоюы да ғажап емес.

Жастай қолға түскен, күш-қуаты толған тұтқын бес жыл, бәлкім, он жыл "ләппай" деп қызмет етер. Әрі-беріден соң ол да адам баласы, іштей қарсылығы оянып, қолына қару алып, қарсы көтерілуі мүмкін.
Сондықтан оның ең тыныш жолы – мәңгүрт етіп тастау.

Ол үшін алдымен тұтқынның шашын тақырлап алып, жас сойылған түйенің мойнағын не сиырдың терісін басына қаптайды.

Сөйтіп, шыжып тұрған күннің астына аяқ-қолын байлап тастайды. Тұтқын сонда екі бірдей азапқа түседі екен.

Алдымен, жас тері ыстықтан жиырылып, басын бүріп, сүйегін сындырып жібере жаздаса, екіншіден, өскен шаш кептірілген теріні тесе алмай, кері қайырылып, құйқасын ине сұққандай етіп бұрғылап, бүкіл жүйке сезімін өлтіреді, яғни еске тұту қбілетін мүлде жойып жібереді. Бір жұма, он күннен соң не өліп қаларды , не тірі қалады.
Өлсе-азаптан құтылды, тірі қалса- аты-жөнін, бүкіл өткен тыныс-тіршіліне ұмытып, тек өз қожасыныңайтқанын ғана орындайтын қара күш иесіне айналады...

Адам баласы зұлымдықтың төбе шашыңды тік тұрғызар нешеме түрін ойлап шығарған ғой. Тек мына қасіретке тең келері болмас.

Тоталитарлық жүйе тұсында тұтас қоғамға, бәріміздің ақыл ойымызға, түсінігімізге идеологиялық шіре салынған еді...

 Картинки по запросу чингиз айтматов

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар