Баға демпингінен болған шығынды өтеу құқығы: ЕАЭО шарттарына өзгеріс енгізіледі

Кәмшат Тілеухан 24 қаз. 2024 14:34 3288

ЕАЭО аясындағы баға демпингінен болған шығынды өтеу құқығы бойынша одақтың басты шарттарына өзгерістер мен түзетулер енгізіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астанада Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі Максим Ермоловичпен кездесті. Кездесу барысында тараптар мемлекеттік сатып алу, монополияға қарсы реттеу мәселелері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық интеграцияның ағымдағы күн тәртібін талқылады.

Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова тауарларға қатысты демпингке қарсы шараның қолданылу кезеңінде ЕЭК баға мониторингін жүргізу мәселелеріне және Қазақстанның ЕАЭО туралы шартта зардап шеккен шаруашылық жүргізуші субъектілердің залалды өтеу туралы талаптармен қатысушы елдердің соттарына жүгіну құқығын бекіту туралы ұсынысына ерекше назар аударды.

"Зиянды өтеу туралы талап қою мүмкіндігі ЕАЭО елдерінің заңнамасында көзделген, бірақ ақпараттың жеткіліксіздігіне байланысты сирек пайдаланылады. Бұл норманы ЕАЭО туралы шартта бекіту жосықсыз қатысушыларға ықпал етуге және адалдықты қолдауға көмектеседі", - деп түсіндірді вице-министр Кушукова.

Өз кезегінде ЕЭК Алқасының мүшесі Максим Ермолович Қазақстан тарапының ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің сотына залалды өтеу туралы талап қоя отырып, шаруашылық жүргізуші субъектінің өтініші бойынша осы норманы бекіту туралы бастамасын тұтастай қолдады.

Жақын арада Еуразиялық экономикалық комиссия одақтың басты шартына тиісті түзетулер әзірлеуге кіріседі.

Айта кетсек, одаққа мүше елдердің тауар өндірушілері тарапынан демпингке қатысты жиі шағым түседі. Қазақстанда, көбіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер бас көтереді. Мәселен, соңғы жылдары отандық жұмыртқа өндірушілер Беларусь және Ресей өндірушілерінің демпингі салдарынан сұраныстың төмендеуіне байланысты өз өнімдерін өзіндік құнынан төмен сатуға мәжбүр болғандарын айтуда. Ал 2024 жылы Ресей бидайы Қазақстан нарығына лап қойып, алты ай ішінде импорттың жылдық көлемінен асып түсті. Ол өз кезегінде ішкі нарықта астық бағасының төмендеуіне алып келді. Сол себепті Қазақстанда көліктің барлық түрлерімен әкелінетін астық импортына уақытша тыйым салуға мәжбүр болды. Жанар-жағармайға да қатысты жағдай тура осындай...


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар