Ауыз суға зәрулік – жыл өткен сайын маңызы артып келеді

Dalanews 09 там. 2022 04:19 915

Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарының бірі. Тіршілік көзі саналатын ауызсуға қол жеткiзу азық-түлік қауіпсіздігін шешумен пара-пар іс. Қазақтың «судың да сұрауы бар» деп айтуы бекер емес. Жалғыз бiз емес, ауызсуға зәрулік бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттерiнiң басындағы негізгі мәселелердің бірі. Бұл жайттың бiздiң елге де қатысы бар.

Себебі елiмiздегi үлкен өзендердiң бастау қайнары өзге мемлекеттерде жатқандықтан, трансшекаралық суларды тиiмдi пайдалану саясаты аса қырағылықты қажет етеді. Бүгінде мамандар Памир мен Тянь-Шань шыңдарындағы мәңгілік мұздықтар 1957 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кемігенін, енді 10-15 жылда 50 пайызға дейiн азаюы мүмкін деген қауіпті деректі алға тартуда.

Яғни Жер беті тұрғындарын алаңдатып отырған «ғаламдық жылыну» апатының бiр шетi бүтiн Орталық Азияға тиiп, су көздерiнiң тартылып, құрғақшылық жағдайына әкелуі бек мүмкiн. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы 2030 жылға қарай Жер шарының жартысына жуығы (47 пайызы) судан тапшылық көреді деп дабыл қағуы бекер емес. Сондықтан алдағы уақытта ауызсу тапшылығын шешу әлемдiк саясаттың басты тақырыбына айналады деген болжам жиі айтылуда.

Жалпы, халықтың күнделiктi тұтынуына қажеттi ауызсу тапшылығы бiздiң елiмiзде толық шешілмеген. Оның негiзгi себебiнiң бiрi қазiргi күнi еліміздегі жерасты су қорларын игеру тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ.

Тіпті соңғы 15-20 жылдан берi пайдаланылмай кеткен су көздерi бар. Бүгінде еліміз бойынша 1282 жерасты су көздерi мемлекеттің балансына тiркелген. Алайда осы барланған су қорларының 402-сі ғана пайдаланылып, тәулігіне 3 млн текше метр су алынуда. Жалпы, елімізде су ресурсының қоры біршама бар. Тек, «бұлақ көрсең, көзін аш» деген бағзы тәмсілді қаперден шығармай, жерасты су көздерiн тереңдетіп игеру арқылы көп мәселені шешуге болады.

Өйткені ауызсуға сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде елiмiзде жан басына шаққанда ауызсуды тұтыну тәулігіне 12 млн текше метрге жуықтайды. Сондай-ақ, Алматы қаласының өзінде 1,5 млн астам тұрғын мен облыстың қалаға жақын аудандарын және 12 мыңға жуық кәсiпорынды қоссақ, бір Алматының су тұтыну көлемі тәулігіне 450 мың текше метрдi құрайтынын байқаймыз.

Ауызсуға қажеттілікті шешуде тiзгiн бермей тұрған келесі жайттың бiрi – су желiлерінің шамадан тыс тозуы. Статистикалық дерек көздеріне көз жүргіртсек, елімізде су құбыры желiлерiнiң 64 пайызын күрделi жөндеуден өткiзу керек немесе толықтай ауыстыру қажет. Осының кесiрiнен апатты жағдайлар жиі орын алып, ауызсудың сапасы төмендеуде. Сонымен қатар тозығы жетіп, тесілген ескі құбырлардан судың қашуы да көп тіркелетіні  жасырын емес.

Ауызсу мәселесіне қатысты сөз қозғағанда еліміздегі су айдындарының ластану деңгейі өзекті күйінде қалып отырғанын да айтуға тиіспіз. Мамандардың зерттеуінше су көздерінің ластануы Қызылорда облысы бойынша – 95,8 пайыз, Батыс Қазақстан облысында – 22,4 пайыз, Ақмолада – 16,9 пайыз, Түркістан облысында 8,5 пайыз мөлшерiнде сақталуда. Қазіргі уақытта республика бойынша 291 бақылау пункті жерүсті суларына мониторинг жүргізіп келеді. Ал Дүниежүзілік метеорология ұйымының талабы бойынша Қазақстанда бақылау пункттері 740-қа дейін болуы керек екен.

Үкімет елімізде ауызсу мәселесін шешу жолында он жылдан бері көптеген іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл бағытта ешқандай жұмыстар қолға алынбады деп айтуға болмайды. Бірақ ауызсуды халық күнделікті тұтынатын болғандықтан, оны өндіріп, тарататын инфрақұрылымдар тез тозатынын да ұмытпауымыз керек.

«Ақ бұлақ» бағдарламасының арқасында қазір ауыл халқының 80 пайызы, ал қала тұрғындары түгелдей орталықтандырылған құбырлар арқылы таза суға қол жеткізіп отыр. Жалпы шығыны 1 трлн теңгеге жуық қаржы жұмсалған бұл бағдарлама еліміздегі ауызсу мәселесін айтарлықтай жақсартты. Бірақ әңгіме арасында айтқанымыздай, халықты сапалы ауызсумен қамту Үкімет үшін ең өзекті мәселелердің бір болып қала береді. Өйткені бес жыл бұр бұрғылғанған су ұңғымалары суалып, құбырлар тозады. Ал мұны жаңарту ісі арада он жыл сайын алдыңыздан шыға береді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар